Алматы облысында көпбалалы ана ескі моншада босанғалы отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында көпбалалы ана ескі моншада босанғалы отыр

07.11.2017

Алматы облысы Қарасай ауданы Жамбыл ауылында көпбалалы ана ескі моншада босанғалы отыр. Себебі, айы-күні жетіп қалған ана амалдың жоқтығынан сол жерді паналап жатыр. Ал, оның жолдасы үшінші топтағы мүгедек. Бірақ, соған қарамастан отбасын бағу үшін жалданып жұмыс істеп жүр.

Нұрлан Асқарұлы,  тілші:

 - Бүгін күн жауынды. Сондықтан, үйдің ішінде су тоқтаусыз ағып тұр. Ал, кішкентай аядай ғана бөлменің ішінде қазір алты бала, анасы мен әкесін қосқанда сегіз адам осы жерде өмір сүреді. Былай айтқанда бұл адамның ойына келмейтін нәрсе. Ал, енді жақында Гүлбану апайдың жетінші сәбиі осы жерде дүние есігін ашпақ.

Жауынның әлегі бұл шаңыраққа алты жылдан бері таныс. Гүлбану Ысқақова төбеден тамшылаған суды сағат сайын сыртқа шелектеп шығарады. Басқа жайлы пәтер жалдауға қаражаты жоқ. 

Гүлбану Ысқақова, көпбалалы ана:

 - Көп баланы пәтерге алмайды. Сонымен амал жоқ, осы жерде отырмын. Енді балаларыммен далада жатпаймын ғой. Құлайын деп тұрған моншада, жаңбыр жауса да астында отырамыз.   

Ал, қар жауса ескі үй алаңсыз азынап кетеді екен. Үй деп отырғанымыз төрт қабырғасы бар демесеңіз, ертеде салынып, қараусыз қалған көне монша. Алақандай жерде төрт бала арпалысып ойнап жүр. Тұңғыш қызы кәсіптік колледжде оқиды. Ересек ұлы түзде әкесімен бірге жалданып, жұмыс істейді. 

Диананың арманы асқақ. Алайда, бүгін сабаққа тағы да бармады. Өйткені, далада жауын құйып тұр. Ал, оның киерге жылы киімі де жоқ. Бірақ, баланы қинайтыны киім емес, «Өз үйі - өлең төсегінің» жоқтығы.  

Диана Құрманбек:  

 - Мен үлкен үйде ата-анам, бауырларыммен тұрсам деймін. Жаңа жылды өз үйімде қарсы алсам деймін.

Тұрмысы жұтаң отбасының маңызды мәселесін айтып атқарушы билікке бардық. Жылы орында отырған жергілікті әкімдіктегілер «Көпбалалы ананың жағдайымен таныспыз. Бірақ, қолдан келер шара жоқ. Оларға бүгін-ертең көмек болмайды», деп кесіп айтты.

Ербол Нағашыбаев, Қарасай ауданы Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы:

 - Ауданымызда әлеуметтік тұрғын үй салынып жатқан жоқ. Қаскелең қаласында Қарлығаш ықшам ауданында жеке кәсіпкер «Еламан» ЖШС тарапынан несиелік үйлер салынып жатыр. Ол үйлер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы өткізіліп жатыр. Қазіргі таңда бөлім тарапынан, әкімшілік тарапынан тұрғын үйлер беріліп жатқан жоқ.

Жергілікті басқару органдарынан қайыр болмайтынын сезген ана халықтан көмек сұрайды. Себебі, алда ит жылының қытымыр қысы келе жатыр. Бұған дейін итшілеп өмір сүрген отбасы дүние есігін енді ашатын сәбиге суық тиіп, ауырып қала ма деп қауіптеніп отыр.

Гүлбану Ысқақова, көпбалалы ана:

 - Қайырымды жандардан көмек сұраймын. Осы қиыншылықтан шықсам, балаларым өсер. Оларды осындай жерде отырғызбасам деймін.

Гүлбану дәл осы үйде төрт баланы өсірген. Бұдан басқа барар жері жоқ. Сол себепті, осы күніне шүкіршілік айтып отыр. Ананың жалғыз тілегі сол, «жоқшылық ұрпағыма жалғаспаса екен», - дейді.   

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ  

Хабарламаларға жазылу