«ҚазМұнайГаз» дизель импорттауға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«ҚазМұнайГаз» дизель импорттауға мәжбүр

07.11.2017

Бензиннің артынан дизель. Павлодардағы мұнай химия зауытындағы құрылғылардың бірінен ахау шығып, дизель отынын өндіру көлемі төмендеген.  Ішкі нарықта жағармай тапшылығын болдырмас үшін енді «ҚазМұнайГаз» өз қаржысы есебінен көрші елдерден дизель сатып алуға мәжбүр болмақ. Бүгін Энергетика министрі еліміздегі үш мұнай жөндеу зауытының басшылығын жинап, дизель нарығындағы жағдайды талқылады.

Қанат Бозымбаев  бүгін Павлодардағы зауыт басшысын  сынға алды. Себебі, жөндеу жұмысы келісілген мерзімде бітпеді. Келісім бойынша жөндеу жұмысы бүгін аяқталып, ертеңнен бастап бензин де, дизель де жоспардағыдай өндірілуі керек еді. Қазір зауыт бензин беріп тұр, алайда, дизель шығаруға керек құрылғылардың бірі істен шыққан.

Шухрат Данбай, Павлодар мұнай-химия зауытының бас директоры:

 - Зауытты жөндеу кезінде жаңа детальдардың бірін сутегі құрылғысына дәнекерлеу керек едік. Алайда, күтпеген жерден ол жердегі металдың коррозияға ұшырағаны анықталды.  Қазір мәселені шешудің екі жолын қарастырудамыз. Біріншіден, аталған детальді алу үшін Ұлыбританияға тапсырыс бердік.  Оны 10 желтоқсанда жеткізіп,  25 желтоқсанда іске қосамыз деп отыр. Екінші, біз Франциядан үш дәнекерлеуші және 1 маман шақырттық. Олар ертең жұмысқа кірісіп, мәселені шешуге тырысады.

Осылайша, Павлодардағы  зауыт айына 150 мың тонна дизель шығарудың орнына небәрі 25 мың тонна отын өндірмек. Зауыттың тікелей қожайыны «ҚазМұнайГаз»  компаниясы ішкі нарықта тапшылықты болдырмас үшін осы айда өз қаржысына дизель экспорттатуға мәжбүр болады.

Сауат Мыңбаев, «ҚазМұнайГаз» АҚ» ҰК басқарма төрағасы:

 - Бензинмен болған жағдайды қайталамас үшін  «ҚазМұнайГаз»  сырттан  дизель отынын сатып алады.  Әзірге 90 мың тонна импорттау туралы  жоспар бар. Оның 60 мың тоннаға жуығын сатып алу туралы нақты келісім жасалды.

Қазір нарықтағы  дизель бағасы литріне  150-157 теңге аралығында.  Импорт көлемінің артуымен бағаның қалай өзгеретінін уақыт көрсетеді. Бірақ, «ҚазМұнайГаз» басшылығы қарашада баға өзгермейді деп отыр.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ 

Хабарламаларға жазылу