Алматы облысында қойды қолдан ұрықтандыру науқаны басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында қойды қолдан ұрықтандыру науқаны басталды

03.11.2017

Алматы облысында қойды қолдан ұрықтандыру науқаны басталды. Алайда, өңір тұрғындары бұл шараға белсенді қатыспай отыр. Мәселен, Жетісу жерінде 1,5 млн-ға жуық саулық болса, оның тек 30 пайызы ғана қолмен ұрықтандырылады. Оның өзі ірі шаруашылықтарға тиесілі.  Ғылыми тұрғыда қойды қолдан ұрықтандырудың тиімділігі әлдеқашан дәлелденсе де, маусымдық шараға шопандар бейжай қарайды. 

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Өрісте жайылып жүрген бір отардың қолмен ұрықтандырылғанын бірден аңғаруға болады. Бәрі біркелкі, күйлері де жақсы. Мұндай малдың жүні де, еті де нарықта сұранысы өте жоғары.

Елу жылдай қой баққан Тұрлығазы Насыров қолдан ұрықтандырудың өте тиімді екенін айтады. Қарт шопан 90-шы жылдардың тұсында бұл жұмыстың кенжелеу қалғанын жасырмайды. Бірақ, соңғы 4-5 жыл көлемінде осы әдіспен малын асылдандырып алды. Енді арқар-меринос тұқымын көбейтуге бет бұрды. 

Тұрлығазы Насыров, ауыл тұрғыны:

- Қайтадан қолмен ұрықтандыру бастадық. Төлі бірқалыпты туады. Қазақ айтады ғой, малың шелді болса, төлді болады деп. Жаман емес, күн көріп жатырмыз.   

Ірі шаруа қожалықтарында қолдан ұрықтандыру ісі бір жүйеге келтірілген. Малшыларға қажетті құрал-жабдық, асыл тұқымды қошқарлар беріліп, ұрықтандыру пунктері ашылған. Науқан алдында арнайы семинарлар ұйымдастырылып, қолдан ұрықтандыру әдістерін мамандар көрсетіп береді.

Берікбол Атағозин, «Жетісу» асыл тұқымды мал орталығының бас зоотехнигі:

- Жергілікті халықтың арасында асыл тұқымды малмен жұмыс жасауда үгіт-насихат жұмысы жеткіліксіз. Ел әлі сеніңкіремейді. Кейбір аудандарда осымен айналысатын мамандар қажет болып жатыр.

«Орталықтың жылына 250 мың саулықты қолдан ұрықтандыруға мүмкіндігі бар. Көктемде 100 саулықтан 120, 130-дан қозы алу - осы жауапты науқанның арқасы», - дейді мамандар.  

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу