Ұлыбритания жерінен сармат таңбасы табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбритания жерінен сармат таңбасы табылды

02.11.2017

Ұлыбритания жерінен сарматтарға тиесілі таңба табылды. Ғалымдардың айтуынша, шамамен IV ғасырда сарматтар бриттер жеріне келіп, мұнда кәдесый ретінде қалдырған. Бұл - ағылшын ғалымдарының болжамы. Енді Қазақстан тарапынан зерттеу материалдарын салыстырып, сармат тайпалары мен бриттер арасында дипломатиялық қарым-қатынас болған-болмағанын, бұл таңбаның расында сарматтарға тиесілі екенін дәлелдеу қажет.

Бұл Ұлыбританияның батыс аумағына жақын Рибчестер дейтін тарихи мекені. V-VI ғасырларда Ұлыбританияның көне тайпаларының бірі – бриттер мекен еткен. Бриттер жауынгері Артур король сол Рибл алқабына сарай салыпты. Бүгінде ғимарат Рибчестер мұражайына айналған.      

1970 жылы археолог Бен Эдуардз Рибчестер жерінен таңба тауып алады. Зерттей келе, қазақ жерінде өмір сүрген сарматтар тайпасына тиесілі екенін анықтаған.     

Патрик Тоставин, Рибчестер мұражайының жетекшісі:

- Бен Эдвардз зерттеулері бойынша бұл таңба Орталық Азияда өмір сүрген тайпаларға тән. Яғни, әлемнің басқа аумағынан біздің жерге келіп, өзара қарым-қатынас болғанын дәлелдейді. Басқа да мысалдар бар, Орталық Еуропа мен Орталық Азия жерлерінде табылған таңбалар бар, яғни, сарматтар Еуропа жерлеріне жеткен.

Көне деректер бойынша, сармат тайпалары қазіргі Батыс Қазақстан жеріне еніп, Қара теңіздің солтүстік аймақтарына дейін жеткен. Орал, Тобыл өзендерінің солтүстік сағаларынан Ембі өзені мен Солтүстік Каспий маңына дейін, Мұғалжар тауынан Дон өзеніне дейінгі аумақты мекендеген. Кезінде скифтерді жақтап, кейін Митридатпен одақтасып Римге қарсы соғысқан екен. Жаулап алу барысында сармат тайпаларының бірі аорстар римдіктерге көмектескен. Міне сол уақытта ежелгі рим әскері өткен Рибчестерде сарматтар таңбаны кәдесый ретінде қалдыруы мүмкін.

Патрик Тоставин, Рибчестер мұражайының жетекшісі:

– Бұл таңбаны тапқан археолог Бен Эдуардз қайтыс болғаннан кейін, біз Британия мұражайына қойылған сарматтар таңбаларымен салыстырып қарадық, енді Қазақстан тарапынан зерттеу материалдарын қарап, мұндағы таңбалармен салыстырып көрсе, тың тарихи деректер табылар еді.

Бұл таңбаның көлемі 2 см-дей. Әзірге таңбаның неден жасалғаны белгісіз болғандықтан, мамандар оны арнайы температуралық қалыпта қараңғы жерде сақтайды. Ал, мына сарматтар туралы анықтамалық бұрыш және таңба қазақ жеріне деген қызығушылықты арттырып отыр.

Шарон Томлинсон, Рибчестер тұрғыны:

- Шынымды айтсам, Қазақстан туралы аса көп білмеймін, бірақ, мынадай өте сирек кездесетін археологиялық ескерткіш біз үшін жұмбақ болғандықтан оған қызыға қараймыз. Сармат тайпалары, сақтар туралы оқыдық, сол арқылы Қазақстанның тарихынан аз-кем хабардармыз.     

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында қазақ мәдениетін, тарихын әлемге танытуға баса назар аударады. Бұл ретте ағылшын жерінен табылып отырған бұл таңба -  қазақ тарихын британиялықтарға танытудың зор мүмкіндігі.

Әйгерім АҒЫЛТАЕВА

 

Хабарламаларға жазылу