Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында 1500 адам алимент төлеуден жалтарып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында 1500 адам алимент төлеуден жалтарып жүр

02.11.2017

Олардың жалпы қарызы 48 миллион теңгеден асады. Борышкерлердің кейбірі жұмыс жоқ деп ақталады. Басқалары табысын жасырып, жалған ақпарат береді. Енді құзырлы орган қызметкерлері қашқын әкелерге жұмыс тауып беріп, қарызын өтеуге көмектеспекші. Сөйтіп, жергілікті прокурорлар бос жұмыс жәрмеңкесін өткізіп, баласына тиісті берешекке белшесінен батқан азаматтар шақырылды.

Рустам Тақтиев - 39 жаста. Ер жетіп қалған екі ұлы бар. Алайда, жұмысы болмағандықтан бірнеше уақыттан бері алиментін төлемеген. Енді жәрмеңке арқылы автоэлектрик мамандығын игеретін болды. Үш ай бойы тегін оқиды. Мемлекеттен оқуы мен жолақысы үшін ақша да алып, жұмысқа орналасады. Кәсіп ашамын десе, Үкімет тарапынан несие де беріледі.  

Рустам Тақтиев, Жаңашар ауылының тұрғыны:

 - Жұмыс болмаған соң төлемейсің. Қазір жұмыс болса,  өзім  еш қиындықсыз алиментті төлеймін.

Бұл ауданда тек алимент емес, көлігінің айыппұлын немесе жеке мүлкінің салығын төлемеген 5 755 тұлға бар. Олардың мемлекетке қарызы 200 миллион теңге. Ал, осы берешекті қайтармаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Оған бағынбаса 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ескендір Бекманов, Еңбекшіқазақ ауданы прокурорының орынбасары: 

 - Мына борышкерлер өздерінің қарызын өтемейді. Сол себептен бұларды әкімшілік және басқа да қылмыстық жауапкершілікке тартқанша, осылай бірінші жұмыспен қамтып, одан кейін барып олардан қарызын өндіруге болады.

Жұмыссызбын деп оңай сылтау айтып, еңбек етуден жалтарып, алименттен қашып жүргендер үшін жұмыс жәрмеңкесі зор мүмкіндік берді. Құрылысқа дәнекерлеуші, шаруаға астық жинайтын жұмысшы, трактор жүргізушісі, электрик, аспаз сияқты мамандарға сұраныс көп.

Ерінбеген адам үшін Еңбекшіқазақ ауданында екі қолға бір күрек табылады. Көше сыпырсаң да, еңбек ет. Ең бастысы, арланбау керек. Өйткені, мемлекет алдындағы қарыздың орны бір бөлек, ал, перзент алдындағы парызды ешқашан естен шығармау керек.

Жәрмеңке соңында 20 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Енді олардың тапқан ақшасы жырақта жүрген балаларына аз да болса сеп болады. Ең бастысы, «Алимент әкелерді жаппай жазаға тарту емес, қарызын өтеуге қарайласу міндетіміз», - дейді прокурорлар.

Мирас МҰҚАШ

 

Хабарламаларға жазылу