Игілікті шара аясында мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жақсартуға бағытталған жас өнертапқыштардың зерттеулері мен жұмыстары ортаға салынады. Мысалы, көзі көрмейтіндер үшін арнайы мобильдік қосымша қажет. Ал, оны құрастырып шығару жұмысына IT мамандары қыруар қаражат сұрайды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға мұндай қосымшаны «ТОМ Қазақстан» әлеуметтік жобасы шеңберінде жас өнертапқыштар жасап беретін болды.
Бұл - Қарағанды медицина университетінің студенттері мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ойлап тапқан тірек-қимыл аппараты. Арнайы костюмның арқасында керекулік Валентина есімді тұрғын аяққа тұрып, өз еркімен жүретін болған. Былтыр Павлодарда қанат қаққан халықаралық «ТОМ Қазақстан» әлеуметтік жобасының аясында жас өнертапқыштардың бұл жұмысы үздік деп танылған.
Эльербек Ташметов, «ТОМ Қазақстан-2016» жобасының жеңімпазы:
-Науқас инсульт алғаннан кейін 10 жыл бойы арбаға таңылған. Біздің костюміміз ол кісінің аяғына жан бітірді. Қазіргі уақытта оңалту орталығына өз бетімен барып жүр. Аппаратқа тапсырыс та көптеп түсіп жатыр. Өндіріс ашсақ дейміз. Қазір патентін рәсімдеп жатырмыз.
Ал, Қарағандыда жалғасын тапқан зияткерлер марафонына 10 команда қатысты. Жастар мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесіп, не нәрсеге мұқтаж екенін білді. Мәселен, көзі көрмейтіндер үшін қоғамдық көлікпен еркін қатынауға мобильдік қосымша қажет.
Жәнібек Байтеков, зағип жандар қоғамының төрағасы:
- Бізге қоғамдық көліктің жүретін бағытын, қайсысы келгенін, тоқтаған аялдамасын хабарлайтын, автобус есігіне дұрыс бағыттайтын мобильдік қосымша болса дейміз. Кейде қоғамдық көлік ішінде отырып қаланың қай аумағынан өтіп бара жатқаныңды білмейсің. Мобильдік қосымша осының барлығын жеңілдетер еді.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың бұл өтінішін жас өнертапқыштар ескерусіз қалдырмайтынын айтты. Бастысы, IT мамандары жасайтын қосымшаға қарағанда бағасы әлдеқайда арзан, қолжетімді болмақ. Халықаралық әлеуметтік жоба осындай игі шараларға толы. Жастар мүмкіндігі шектеулі жандардың сұранысына сай өз зерттеулерін жасап, қараша айында ойлап тапқан жобаларын ұсынбақ. Ал, жеңімпаздар әлеуметтік кәсіпкерлік курсын тегін оқи алады.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ