«Қазақстан» телерадиокорпорациясының 14 аймақтық телеарнасында ребрендинг жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының 14 аймақтық телеарнасында ребрендинг жасалды

30.10.2017

Барлық арналардың логотипі өзгерді. Әр өңірдің өзіне ғана тән табиғи-географиялық  ерекшеліктері ескеріле отырып, атаулары да өзгерген. Бұл туралы бүгін Басқарма төрағасы Ерлан Қарин баспасөз мәслихатында айтты.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы 28-тамызда жаңа маусымға көшті. Мұны зейіні зергер көрермен байқаған болар. «Қазақстан», «Қазспорт» және «Балапан» арналарының атауы латын қарпімен жазылып, логотипі өзгеріп, жаңа форматқа шықты.

Ерлан Қарин, «Қазақстан» РТРК АҚ басқарма төрағасы:

- Бұл ребрендинг негізгі арналардың белгісінің ауысуымен ерекшелінген жоқ. Оның аясында біз барлық студияларымызды жаңарттық. Ең бастысы, контентте де бірқатар өзгерістерді жүзеге асырдық. Арнаның бағдарламасына жаңа 30-ға жуық бағдарламалар енді.

«Қазақстан-Павлодар» енді «Ертіс», «Қазақстан-Қарағанды» - «Сарыарқа». Осылай телерадиокорпорацияның аймақтық арналарының да атауы мен логотипі өзгерді. Барлығы латын қарпімен жазылған. Тек, ребрендинг емес, өңірлік арналарда бұдан да басқа өзгеріс көп.

Мәселен, жаңа маусым аясында аймақтық телеарналарда әртүрлі бағыттағы 96 бағдарлама шығып үлгерді. Жалпы, бұл бастама аймақтық арналарға жаңа леп, тың серпіліс берді. Бұдан бөлек, қазақ телевизиясының заманауи үрдістеріне бейімделіп, әрі қарай дамуына жол ашады. Қорыта айтқанда, ребрендингпен реңін өзгертіп, латынша логотиптер легін бастаған төл арна төріңізде сайрай берсін.

 

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу