Авиация қателікті кешірмейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Авиация қателікті кешірмейді

27.10.2017

Рұқсатсыз ұшқаны үшін салынатын айыппұл мөлшерін көбейту керек. Бүгін Бас прокуратурада өткен алқалы жиында Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев осылай деді. Бүгінгі таңда, бұндай әкімшілік заңбұзушылық үшін салынатын айып мөлшері 10 айлық көрсеткішке тең. Ал, Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин саланың былыққа батқанын айтып, азаматтық авиация саласына терең реформа жасамаса алдағы уақытта қайғылы оқиғалар тағы да қайталануы мүмкін екендігін айтты.

Азаматтық авиациядағы ахуал оңбай тұр. Он ай ішінде 9 ұшақ құлап, 11 адам қаза тапты. Жиынды прокурорлар осы қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан бастады.

Апатқа ұшыраған ұшақтың бәрі дерлік кіші авиацияға тиесілі. Тозған техника, ауа райының қолайсыздығы және адами фактор. Осы үшеуі қайғылы оқиғалардың басты себебі ретінде бүгін жиі айтылды.

Андрей Лукин, ҚР Бас прокурорының орынбасары: 

 - Азаматтық авиациядағы АН-2 ұшақтарының орташа жасы 25жылдан астам. Соған сай, бұл ұшақтардың қызметіне ешкім толық кепіл бермейді.

Осы орайда, Қазақстан ескі ұшақтардың отаны ма деген сауалдың қойылуы заңды. Азаматтық авиация өкілдері адам шығын болмаса, кейбір оқыс оқиғаларды көпшіліктен жасырып келген. Бұндай былықтың бетін көлік прокурорлары ашты.

Азаматтық авиация академия өкілдері де осындай оқиғаларды жасырған. «Егер, жауапты орган мамандары осындай оқиғаларды жасырмай, себебін анықтаса немерем аман қалар ма еді» – дейді, - авиация ардагері Мақаш Әбішев.

Мақаш Әбішев, авиация ардагері:

- Ұшақ құйынға ұрынды, содан барып құлады дегісі келеді. Ал, бұған не түрткі болғанын айтпайды. Жауапсыз басшылардың кінәсі, азаматтық авиация жүйесінің жауапсыздығы. Бұл жүйенің омыртқасын үзу керек. Мен жас жігіттердің қаза тапқанын қаламаймын.

Аспандағы қауіпсіздік жерден басталады. Бұл ғарышкер Талғат Мұсабаевтың жанайқайы. Ұшуға өзі рұқсат беріп, өзі тексеріп, өзі қорытынды шығаратын мекемеде береке болмайтынына Халық қаһарманы сенімді.

Талғат Мұсабаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Мақаш ағаны түсінуге болады. Немересінен айырылып қалды. Жас бала ұшқыш жолын жаңа бастаған еді. Жас жігітті өлтірді. Қазіргі осы жүйе жас ұшқышты өлтірді. Өз басым осы саладағы былық үшін қатты ұяламын.

Сынға жиі іліккен Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев  жаза мен жауапкершілікті арттыруды ұсынды. Ал, Бас прокуратура арнайы жұмыс тобын құрды. Осы топ мүшелері енді бірер аптадан соң қайта бас қосып, нақты шешім шығаруы тиіс.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу