Алматыдағы «Кеңес» мүгедектер қоғамдық бірлестігі дайындаған «Ерте араласу» қанатқақты жобасы таныстырылды

25.10.2017

Оған арнайы іс сапармен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова қатысты. Сондай-ақ, ведомство басшысы «Алматы көпір құрылысы» серіктестігінің ұжымымен кездесіп, жұмысшылардың әлеуетін көрді. 

Министр Тамара Дүйсенова іс сапарын әуелі «Алматы көпір құрылысы» зауытынан бастады. Жұмысшылармен жүздесіп, ұжымның ұсыныстарын тыңдады.

Бұдан кейін ведомство басшысы Халықты жұмыспен қамту орталығының жұмысымен танысты. 2018 жылы пайдалануға берілетін «Атаулы әлеуметтік көмек» жобасын қазірден іске асыруға кіріскен мамандардан тілдесті.

Нағима Тасболатова, қала тұрғыны:

- Үкімет тарапынан көптеген көмектер алдым. Оған рахмет айтамын. Алып жатырмын. Енді осы мақсатымды ары қарай жеткізу үшін алға ұмтыламыз.

Нағима Тасболатова сынды көпбалалы әрі әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін «Атаулы әлеуметтік көмек»  өте тиімді. Себебі, бұл көмекқаржының сомасы бір емес, үш көмектің көлемінен жоғары болмақ.

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап әлеуметтік салада біраз өзгерістер болады. Соның ең біріншісі «Атаулы әлеуметтік көмектің» жаңа форматын енгізу мәселесі бойынша заңға сәйкес бұрынғы үш әлеуметтік төлемдердің орнына атаулы әлеуметтік көмектің, балаларға берілетін жәрдемақыны және көпбалалы 4 баласы бар жанұяларға берілетін арнаулы жәрдемақының орнына бір реттік бірыңғай жаңа атаулы әлеуметтік көмек берілетін болады. Бұл көмектің көлемі қазіргі үш көмекті қосқандағы сомадан жоғары болады.

Сондай-ақ, Тамара Дүйсенова «Кеңес» бейімдеу және оңалту орталығында да болды. Мұнда туа біткен кемтар балалар мен 3-7 жас аралығындағы мүгедектерге арналған бағдарламалар бар. Орталық басшылығы осы жобаны дамытып, жаңа үлгіде таныстырды.

Майра Сүлеева, «Кеңес» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің бас директоры:

- Біз бүгін Тамара Қасымқызына жаңа жобаны таныстырдық. Оның басты мақсаты жарымжан жандарды жаңа өмірге бағыттау. Қаңтардан бастап күшіне енетін жоба аясында мүгедектерге көмек көрсетіп, қолдайтын мекемелер іске қосылады. Дәрігерлер, психологтар, сондай-ақ, өзге білімті мамандар арбаға таңылғандар мен кемтар балалардың мүмкіндігін арттыруға атсалысады. Яғни, балаларды балабақша, мектепке дайындау үрдістері жүргізіледі.

Бұдан басқа, зейнетақының базалық механизміне өзгерістер енгізілмекші. Осыған дейін еңбек өтілі ескерілмей барлық адам бірдей зейнетақы алатын. Ал, алдағы уақытта еңбек өтіліне орай үстеме зейнетақы беріледі.

 

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу