Қызылордада мал бордақылау кешені жұмыс істемей тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада мал бордақылау кешені жұмыс істемей тұр

24.10.2017

Қызылордада 3 мың ірі қараға арналған бордақылау кешені жұмыс істемей тұр. Жоба бойынша  мұнда өндірілген ет экспортқа шығуы тиіс болатын. Сондай-ақ, ет өңдейтін зауыт, шұжық өнімдері мен қалбырдағы ет шығаратын өндіріс іске қосылуы керек еді. Бірақ, бұл жоспар жүзеге аспады. Неліктен? Мемлекет қаржысына салынған құрылыс не себепті іске жарамай тұр? Мәселені өңірдегі тілшіміз Ақерке Берікбекқызы зерттеп көрді.

Жобаны жүзеге асыру 2015 жылдың тамыз айында басталды. Нысан толықтай сол жылы желтоқсан айында пайдалануға берілді. Міне, мал ұстайтын ашық қоралар, жем-шөпке арналған қойма, санитарлық бекет... жобаға енгізілген барлық нысандар толықтай салынып бітті.  

Жоба құны - 399 миллион теңге. Оны жүзеге асырушы кәсіпкердің айтуынша, бұл қаражат толықтай игерілген, тиісті жұмыстар өз деңгейінде жүргізілген. Бірақ, нысанның іске қосылмай тұрғанының басқа себебі бар. 

Бердібек Қадіров, кәсіпкер:

- Мал соятын алаң салынуы керек еді. Мына жерде ұстаған малды осы жерде сойып, біз әрі қарай жүргізуіміз керек еді. Үкіметтің екінші жобада мал алуға, ақша бөлінуі керек еді. Бірақ, белгілі бір себептермен мал алатын ақша да, мал соятын алаңды салатын ақша да бөлінбей қалды.

Жобаның екінші кезеңі «Аманат» бағдарламасы аясында арқылы атқарылуы тиіс болатын. Алайда, екінші кезеңге жоспарланған қаражат бөлінбеген.

Пірмұхамед Сыздықов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары:

- Соңғы жылдардағы «ҚазАгродағы» қайта құрылымдардың өзгеруіне байланысты бұл «Аманат» бағдарламасы тұрып қалды. 2016 жылы осы «Аманат» бағдарламасына құжаттар дайындалып, комиссиядан өту жұмыстары жүріп, жұмыстың жүрмейтіні жылдың аяғында белгілі болды,. 2017 ақпанында қаржыландырылмайтыны туралы шешім шықты.

Кәсіпкердің үлкен мақсатпен қолға алған шаруасы осылайша шатқаяқтады. Жарты жолға келгенде кейін шегіне алмайды. Бастаған істі аяқтау үшін өз қаржысын салып, мал соятын алаңның құрылысын бастады, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының көмегіне жүгінді. Сөйтіп, бюджеттен 216 миллион теңге бөлінді. Енді мал сатып алынады. Осылайша, бордақылау кешенін келер жылдың алғашқы айларында іске қосуды жоспарлап отыр.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу