Эскалатордан 2 жасар бала құлап кеткен соң ойын-сауық орталықтарындағы қауіпсіздік күшейтілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Эскалатордан 2 жасар бала құлап кеткен соң ойын-сауық орталықтарындағы қауіпсіздік күшейтілуде

24.10.2017

Алматыдағы «MART» Сауда орталығындағы эскалатордан құлап кеткен 2 жасар баланың жағдайы нашар. Естеріңізге сала кетейік, қайғылы оқиға осыдан 1 апта бұрын болған. Дәрігерлер қолдан келгенін жасап, бүлдіршіннің өмірі үшін күресуде. Ата-анасы мен жақындары да алаңдаулы. Осы ауыр оқиғадан кейін арнамыздың тілшісі Лаура Қуанышқызы қаладағы қоғамдық орындардың қауіпсіздік шараларын бақылап көрді.

Бақытсыз жағдайдан ауыр жарақат алған сәбидің жағдайы өзгеріссіз. Ал, дәрігерлер әзірге нақты ештеңе айта алмайды. Тек олар «қолымыздан келгенше аянбаймыз», - деп отыр.

Бақытжан Бейсенбай, №1 қалалық ауруханасы жансақтау бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Қазіргі жағдайда бала біздің жансақтау бөлімінде жатыр. Аппаратта. Баланың жағдайы қазіргі уақытта өте ауыр. Қандай ем керек соның бәрін қабылдап жатыр. Енді дұрыс болады деп сенеміз.

Баланың ата-анасы тағы да жасалатын операцияның сәтті өтуін тілеп отыр. Мән-жайды білу үшін хабарласқанымызда осылай, деді. Сұқбат беруден бас тартып, сұрақтарымызға тек телефон арқылы жауап берді.

Осы оқиғадан кейін жұрт эскалатор көрсе, аяғын аңдап басатындарын жасырмады. Тіпті, тұрғындар жедел сатымен көтеріліп, түскен кезде де қауіпсіздікке мән береміз, деп отыр.

Алматының барлық ойын-сауық және сауда орталықтарында қауіпсіздік ережелерін қадағалаудың қатаң қолға алынғаны байқалады. Себебі, есікте тұрған күзетшіден бастап іштегі мамандар келуші меймандарға түрлі ескертулер жасап лифтпен және эскалатормен көтерілген кезде өте абай болуларын сұрауда.

Бұл оқиғадан соң барлық сауда және ойын-сауық орталықтарында қатаң тәртіп орнады. Бірнеше қоғамдық орынға бас сұғып, бақылап көрдік. Бейнебақылау камерасы тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Десек те, орталық басшылары «Қауіпсіздікпен қамтамасыз етеміз. Ал, тәртіп бұзғандар үшін біз жауап бермейміз», деп отыр.

Әрсен Жанабылов, Сауда орталығы техникалық қауіпсіздік бөлімінің инженері:

- Қазіргі уақытта әртүрлі шаралар ойластырылуда. Қауіпсіздік шараларын бұзып жатқан кісілерге айыппұл салуға, сондай әртүрлі шараларды ойластырып жатырмыз.

Жалпы, бір сауда орынына күніне 20 мың адам кіріп шығады. Ал, ондағы эскалаторға отырып, оның бойымен жүгіруге және қол арбамен көтеріліп-түсуге болмайды деген белгілерді көрсе де, адамдар сол ережені елемейді.

Қуанышбек Сейдалиев, Сауда орталығы қауіпсіздік қызметі бойынша директордың орынбасары:

- Біз әкімшілікпен бірігіп эскалаторлардың жандарына бір-бір күзетшіден қойдық. Тыңдамайды көбісі. Коляскамен өтіп кеткісі келеді. Күзетшілерді қойдық. Олар сол қызметті атқарады. Лифтіге жібереді, болмаса арнайы жерлермен түсіп-көтерілуі керек.

Көпшілік ортада кездейсоқ жағдайлардың болатыны белгілі. Бірақ, қауіпсіздік бөлімі мамандары ірі ойын-сауық және сауда орталықтарындағы эскалаторларды әр ай сайын тексеруден өткізеді. Бұдан былай, қоғамдық жерлерде эскалатор, жедел саты қатаң бақыланады. Алайда, 2 жасар баланың ауыр оқиғасынан кейін құзырлы орган мен қауіпсіздік инспекцияларына хабарласқанымызда, мұндай жағдайға байланысты жазаға не жауапкершілікке тартатын бірде-бір мекеме жоқ болып шықты.

 

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу