Оңтүстік Қазақстан облысында жекеменшік автобустармен жолаушыларды заңсыз тасымалдау ісіне тосқауыл қою қиындап барады. Көлік қожайындары кез келген жерді, тіпті үйлердің ауласына дейін автотұрақ етіп, қала аралық бағытқа емін-еркін қатынап жүр. Онда да көлігі ақау, жүргізушісі медициналық тексерістен өтпейді. Соның салдарынан биыл жолаушылар тасымалдайтын көліктер 30 рет жол апатына ұрынған. Қайғылы оқиғадан бірнеше ондаған адам жарақат алып, 9 шаңырақ қара жамылды.
Қазақ-өзбек шекарасындағы мына автобекет ешқандай заңды тіркеуге алынбаған. Бірақ, күнделікті еліміздің бірнеше қалаларына осы жерден ондаған автобус жүреді. Олардың ешбірінің белгілі бір бағытқа қызмет көрсететіні туралы рұқсаты жоқ. Жолаушы жиналса болды, айтқан жеріне тартып отырады. Ең сорақысы, жүргізушінің денсаулығы мен көліктің ақауын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Жуырда Ресейде апатқа ұшыраған жолаушылар автобусы да тап осындай заңсыз жерден сапарға шыққан болатын.
Жамбыл Ділдәбеков, жолаушы:
- Көбіне техникалық жағдайына қарамай билет құнын сұрап мініп кетеміз. Жолда апатты жағдайлар болып қалады. Кейде автобустар тоқтап қалады жарты жолда бұзылып. Жақсарса дұрыс болар еді.
Ал, бұл іспен заңды түрде айналысып жүргендердің жайы мүлдем басқа. Бүгінде өңірде жолаушылар тасымалымен 32 компания айналысады. Автобекеттен бөлек олардың әрбірінің техникалық қызмет көрсету паркі бар. Бағыттар тұрақты. Көлік те, жүргізуші де күнделікті тексерістен өтеді.
Серік Полатов, механик:
- Бірінші кезекте фарасын, тежегішін көреміз. Дөңгелектерінің протекторларын тексереміз. Қазір қысқа дайындап жатырмыз. Салонның ішінде қауіпсіздік болмауы керек жолаушыларға.
2013 жылы заңға өзгеріс енгеннен кейін жолаушы тасымалымен айналысатындар тым еркінсіп кетті. Бұрын жылда жаңарып тұратын лицензия шектеусіз мерзімге берілетін болды. Осындай құжат қолына тиген кәсіпкер бүгінде кез келген көлікті жалдап, пайда таба береді.
Бекнұр Әлтеков, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы:
- Тұрақты заңды тасымалға қосымша кестелер енгізу арқылы заңсыз тасымалмен айналысатын «Д» санаттағы шағын автобустарды енгізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта облысымызда анықталған 220-ға жуық шағын автобустың 126-ы заңды тұрақты бағытқа енгізілді.
Заңсыз тасымалға тосқауыл қою үшін өңірде мобильді топтар құрылған. Құрамында көлік саласының мамандары мен полиция қызметкерлері бар. Жыл басынан бері олар 19 рейдтік тексеріс жүргізіп, 200-ге тарта заң бұзушылықты анықтаған. 168 адам әкімшілік жазаға тартылды. Одан бөлек, тағы 1 милиион 900 мың теңге айыппұл салынды.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ