ҚМГӨ: Жанармай бағасы Ресейге тікелей байланысты

16.10.2017

Халық ең көп тұтынатын АИ-92 жанармайының бағасы тағы көтерілмесе, арзандайтын түрі жоқ. «ҚазМұнайГаз өнімдері» серіктестігінің өкілі журналистерге берген сұхбатында бензин бағасы Ресейге тікелей байланысты деп түсіндірді. Бүгіндері жанар-жағармайдың басым бөлігі көрші елден келіп жатқандықтан, оның бағасын Қазақстан реттей алмай отыр. Бұл жағдай мұнай өндейтін зауыттағы жөндеу жұмыстары аяқталысымен тұрақталады, - дейді ұлттық компания өкілдері. Қазір «ҚазМұнайГаздың» жанармай құю бекеттерінде АИ-92-нің 1 литрі 157 теңгеден сатылып жатыр. Қорда 8-10 мың тонна көлемінде жанармай бар. Тағы 12 мыңы Қазақстан бойынша жолда келе жатыр. Ал, жанармай жетіспеушілігі тек Ақмола мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында сақталған екен.

Бақытжан Тасанбаев, «ҚазМұнайГаз өнімдері» ЖШС басқарушы директоры:

- Біз күнделікті сараптама жүргіземіз сондықтан, бағаны жанар-жағармай жеткен кезде қоямыз. Қазір бензин тасымалының басым бөлігі импорт. Сондықтан, қандай сомаға қымбаттауы мүмкін екенін айта алмаймын. Өйткені, бағаны ешкім реттеп отырған жоқ. Бірақ, қатты қымбат болады деп ойламаймын.

 

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу