Биыл қыс ерте түседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл қыс ерте түседі

16.10.2017

Өткен жылмен салыстырғанда қытымыр қыстың мінезі биыл қаттырақ болуы мүмкін, әрі ерте түседі. Бұл туралы «Қазгидромет» орталығының мамандары хабарлады. Алдын-ала болжам бойынша қаһарлы мерзім қарашада қылаң береді. Бұл айда елдің солтүстігінде жауын-шашын жауып, соңы сары аязға ұласады. Түнде -30, күндіз -15 градус аяз түспек. Оңтүстік аймақтарда да -5 градусқа дейін суытуы мүмкін. Синоптиктер мәліметінше, желтоқсан айында елдің шығысы қарлы, ал, батысында орташа деңгейдегі ауа райы сақталады. Қаңтар мен ақпан айында ауыспалы ауа райы күтілуде. «Қатты аяз бен қарлы боранның екпіні әсіресе, елдің  солтүстік, орталық және шығысында ерекше байқалуы мүмкін», - дейді мамандар. Сол себепті, синоптиктер қазірден қамдануды ескертеді. Ал, қазандағы жылы ауа райы 18-не дейін ғана жалғаспақ.  

Гүлмира Акишева, Ауа райының ұзақ мерзімді болжамдар басқармасының басшысы:

- Ауа райының қысқы мерзімге болжамымыз төтенше жағдай қызметіне,  жергілікті атқарушы органдарға жіберілді яғни, қысқы мерзімге дайындалу үшін. Сонымен қатар, бұл ақпараттардың дәлдігі 60 пайызды құрайтындықтан, консультативтік кеңес ретінде қолданғандарыңыз абзал.

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу