Алматыдағы «MART» сауда орталығындағы эскалатордан құлаған 2 жасар баланың жағдайы ауыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы «MART» сауда орталығындағы эскалатордан құлаған 2 жасар баланың жағдайы ауыр

13.10.2017

Қайғылы оқиға кеше болған. Куәгерлердің айтуынша, арбасы және қолында көтерген баласы бар әкесі эскалатормен төмен түспек болғанда қолындағы ұлын құлатып алған.

Бақытсыз жағдайдан ауыр жарақат алған екі жастағы бала қазір бірінші қалалық аурухананың жансақтау бөліміне түскен. Оның миы, ішкі ағзалары,  кеуде қуысы жарақаттанып, аяқтары сыныпты. Бүлдіршін жасанды тыныс алу апаратына қосылды. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін жанталасып жатыр.

Бақытжан Бейсенбай, №1 қалалық ауруханасы Жансақтау бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

 - Баланы біздің дәрігерлер нейрохирург, травматолог, басқа да хирургтармен бірге қарап, оған қосарланған жарақат, ашық бас ми жарақаты, ортаңғы жілік сынығы, кеуде ішпердесінің соғылуы деген диагноз қойылды. Ол балаға түнде ота жасалынады.

Оқиғаға қатысты сауда үйінің әкімшілігі әзірге ешқандай ақпарат берген жоқ. Ал, полиция кешенді тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жалпы, мұндай эскалатордан балалардың құлап кетуіне қатысты жағдайлардың болуы елімізде бірінші рет емес. Мәселен, былтыр Астанадағы «Керуен» орталығында да тура осындай оқиға болған. Ал, оған көпшілік ата-аналарды кінәлайды.

Оксана Бубинчикова, қала тұрғыны:

 - Біз осында сатушы болып жұмыс істейміз. Баласын сүйретіп, арбамен эскалатордан көтерілетін кісілер көп. Оларға бірнеше рет ескертеміз. Тыңдамайды. Осында бір емес 6 лифті тұр. Бірақ, қызық көре ме, эскалатормен көтеріледі.

Ал, Алтынай Усабаева эскалаторға арбамен көтерілуге болмайды деген белгіні үлкейтіп, көзге көрінетін жерге іліп қойса, деген ұсынысын айтты. Өйткені, баласы барлар көбінесе осындай ойын-сауық орталықтарына жиі барады. Ұлымен қыдыруға жиі келетін Алтынай көп жағдайда күзетшілер оларға ескерту жасамайды, деп отыр.

Қазір интернет желісін ақтарсаңыз, мұндай оқиғалар мыңдап кездеседі. Өйткені, эскалатор әуежайда да, метрода да, вокзалда да бар. Қызметі де көп, қаупі де аз емес. Сондықтан, тоқпен тоқтаусыз жұмыс істейтін баспалдаққа мінерде сақтанған жөн, - дейді мамандар.

Амангелді СЕЙІТХАН  

Хабарламаларға жазылу