Үш баласымен бірге көлік қаққан ана әділдік таппай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үш баласымен бірге көлік қаққан ана әділдік таппай жүр

13.10.2017

Өткен айдың 28 күні Алматыдағы «Өжет» ықшам ауданында екі көлік соғысып, салдарынан жол жиегінде 3 баласымен тұрған ана ауыр жарақаттанған еді. 10 күннен аса балаларымен бірге емделген Айжан Абықанова енді тілшілерімізден көмек сұрап келді. Себебі, оның алған жарақаты жеңіл деп дәрігерлер екі баласымен үйіне қайтарған. Алайда, Айжан олардың мұндай шешімімен келіспейді. Жол апатынан айыққан жоқпын, күнде ыстығым көтеріліп, миым шайқалды деп отыр. Бір ұлы әлі күнге дейін ауруханада жатыр. Ал, көлігімен қаққан жүргізуші оларға қаржылай көмек көрсетпек түгілі, тілдесуден қашып жүрген көрінеді.

Екі аптадан астам уақыт өтсе де, бұл отбасы әлі ес жия алмай отыр. Ең қиыны, балалар жол апатынан әбден шошынып қалған. Айжан қазір ауруханада ауыр халде жатқан 6 жастағы ұлы үшін алаңдаулы. Ал, 9 жастағы қызы Кәмилә төсектен тұра алмайтын жағдайға жетті.

Айжан Абықанова, жол апатынан зардап шеккен ана:

 - Соққан адам өз кінәсін мойындамай отыр. Ол келіп мені әдейі соққан жоқпын деген әңгіме айтып кетті.

4 баласы бар келіншек жол-көлік оқиғасынан соң жағдайы күрт нашарлаған. Өзге тұрмақ, өзіне көмек керек келіншек қазір денесін әрең көтеріп жүр.

Гүлфайруз Абықанова, Айжанның әпкесі:

 - Әділдік іздеу мақсатымыз -  Сіңлімді ДТП кезінде бала-шағасымен қоса соғып кеткен адамға өте көп сұрақтарымыз бар. Бірде-бір сұраққа жауабымыз жоқ.

Ал, оларды көлігімен қаққан жүргізуші кінәсін мойындамайды. Тіпті, кешірім де сұрамаған.  Осылай, деп мұңын шаққан ананың сөзінен соң оны іздеп, үйіне бардық.

Жасырын камера

- Сәлеметсіз бе?! Ринат деген сіз бе?

- Мен

- Менімен бірге шығасыз ба?

- Жоқ, жоқ!

- Неге?

- Жоқ болмайды. Адвокатсыз сөйлемейміз.

Бірер минуттан кейін жүргізуші оқиға болған сәттен бері көмек көрсетуге дайын болғандығын айтты. Алайда, қанша кешірім сұрасам да, «Ештеңе керек емес» деп міз бақпаған Айжан Абықанованың өзі деп ақталды.

Ал, Айжан тек жүргізушіге емес, 4 күннен кейін ауыр халін көрсе де, ауруханадан шығармақ болған дәрігерлерге де ренжулі. Тіпті, Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының мамандары  «Жол апаты болған кезде зардап шегуші мас болған» деп,  медициналық қорытынды жасаған. Өмірінде ішімдік ішіп көрмеген келіншек ақ халаттылардың бұл ісін түсінбей дал.

Біздің түсірілім тобымыз мәселеге қатысты мән-жайды білген соң дәрігерлер бұл техникалық қателік деп Айжан Абықановадан кешірім сұрады. Олар науқасқа бар көмегімізді аямаймыз деп отыр.

Осылайша, жазатайым жол апатынан зардап шеккен Айжан ауруханадан емделіп емес, жүйкесі сыр беріп шықты. Енді, 34 жастағы келіншек әділдікті талап етіп, құзырлы органдарға шағымданбақ. Себебі, ана 3 баласы мүгедек болып қала ма деп қауіптенеді.

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу