Қызылағаш су қоймасы қалпына келтірілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылағаш су қоймасы қалпына келтірілуде

10.10.2017

Алматы облысындағы Қызылағаш су қоймасы қайта қалпына келтірілуде. Естеріңізде болса, осыдан жеті жыл бұрын көктемгі су тасқыны бөгетті шайып кетіп, тұтас бір ауыл зардап шеккен еді. Уақыт өте су қоймасына деген қажеттілік артты. Себебі, 1,5 мың гектарға жуық суармалы алқап кеберсіп қалды. Диқаншылықпен жан баққан ағайыннан күй кетті. Сондықтан, су қоймасын бастан аяқ жөндеу үшін республикалық бюджеттен 6 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Су қоймасындағы жұмыс қарқын алған. 120 адам мен 70-тен астам техника үздіксіз жұмыс істеуде. Мамандар жаңа су қоймасының қауіпсіздігіне ерекше мән беріп отыр.

Рахым Разбаев, бас инженер:

- Бекеттің ұзындығы 310 метр болады. Биіктігі 55,5 метр болады. Сиятын суының көлемі 42,2 млн. куб.

Қазір шатқал іші ескі бөгет қалдықтарынан тазартылып, электр желісі мен 12 шақырым жол төселді. Су қоймасына бас көз болатын мамандарға арналған  4 пәтерлі екі тұрғын үй де салынуда. Ал, төменгі жақта су торабын реттейтін кешеннің құрылысы жүріп жатыр.

Стратегиялық маңызды нысан қайта іске қосылса елдің әл-ауқаты артады. Қант қызылшасын өсіретін алқаптар қалпына келеді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірдің экономикасына қан жүгіреді. Қызылағаштағы қызу тірлікті көрген шаруалардың да тілегі осы.

Әбен Оқап, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Біздің егін егіп, қызылша салып, жұмыс істесек деген ойымыз бар. Бізде су тапшы. Осы су тоспа жасалып кетсе біздің әрқайсымыз егін егіп, қызылша егіп, отбасымызды көркейтіп бағуға қолайлы болар еді.

Шаруалар қуанатын тағы бір жайт бар. Қоймадағы су бұрын сол жағалаудағы алқаптарға ғана жетсе, енді игерілетін жердің аумағы еселене түспек.

Сейілхан Мұхамадиев, «ҚАЗСУШАР» РМК Алматы облыстық филиалының директоры:

- Бұрынғы плотинада 1420 гектар жер суармалы жер болған. Қазіргі мына плотина салынып біткеннен кейін 6700-7000 гектар жер игерілетін болады. Жаңадан игерілетін жер қосылады. Ерекшелігі осында.

Жыл соңына дейін мердігерлер республикадан бөлінген 1 млрд. 800 млн. теңгені игеруі керек. Жалпы, бөгеттің құрылысын 2018 жылдың желтоқсан айында аяқтау көзделген. 

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу