Қазақстанда геологиялық кластер құрылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда геологиялық кластер құрылмақ

23.01.2014
Қазақстанда геологиялық кластер құрылмақ

Қазақстанда биыл тау-кен ісі мектебі ашылады. Осы арқылы елде жер ғылымын зерделейтін мамандар даярланбақ. Елбасы екпін берді, геологиялық барлау саласы бойынша біз әлемдік нарыққа шығуымыз керек. Шетелдің инжинирингтік компанияларына нинвестиция тарту керек. Заңға өзгеріс қажет.


        Мұнай мен газ, темір мен көмір, алтын да, мыс та, болат пен жез де бар бізде. Табиғи ресурстарының қоры бойынша Қазақстан әлемде 6-шы тұр. Бұлар зерттелгені ғана. Геологиялық барлауды биыл мамандар Қарағанды облысында жүргізеді. Жер қойнауын зерттеушілердің көздегені - мыс кеніне кезігу.

    Ғалым Нұржанов, «Қазгеология» ұлттық барлау компаниясының төрағасы:
        Британдық «Рио тинто», австралиялық «Iluka Resouces», жапондық «Jogmec», кореялық «Kores» компаниялары бар. «Рио тинтомен» көктемде барлау жұмыстарын бастаймыз деген ойдамыз. Тек қана бұл компаниялар ғана емес, Германияның және Канаданың ең ірі компанияларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
       
Ірі инжинирингтік компаниялар қазақтың алтынына, мысына, пайдалы қазбасына қаржы құюға құлықты. Істің иінін тапқанға, игілік бар, инвесторлар келеді. Бірақ, керегі бұл ғана емес, Ұлттық геологияны дамыту. Дамытып қою аз, әлемге таныту.
    
        Асқар Мұнара, «Назарбаев Университеті» Жер ғылымдары орталығының директоры:
    Мықты геологиялық инфрақұрылым құру керекпіз - бір, заңды өзгерту керек - екі және бүгінгі замануи талапқа сәйкес мықты мамандарды дайындауымыз керек - үш.
    
        Асқар Мұнара мұны ойынан шығарған жоқ. Геолог ғылым қуып кезінде шетел асты. Қазір қазақ баласы өзге елде тоқығанын, өзімізде іске жаратуға жанын салып жүр. Бұйыртса, бізде де тау-кен ісіне машықтанған мықты мамандар даярланбақ. Назарбаев Университеті жанынан мамандандырылған мектеп ашылады. Бұл істе АҚШ-тың Колорадо тау-кен мектебінің талай жылғы тәжірибесі назарға алынбақ.

       Асқар Мұнара, «Назарбаев Университеті» жер ғылымдары орталығының директоры:
       Жылына 100-150 мың тонна тау жыныстары шетелге кетіп жатыр ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін. Ең жақыны Қырғыз Республикасындағы Қарабалта қаласындағы зертхана, ең алысы - Бразилия, ОАР, Мексика. Тау жыныстарының шетелге кетуіне тосқауыл қойып, елімізде сараптамалық жұмыстарды жүргізу қажет.
       
Өзгеге қып-қызыл қолүздік төлемес едік - бір. Екіншіден, табиғи қор туралы құпиямызды екінің бірі білмеуі керек қой. Сол үшін геологиялық зерттеулер орталығы салынады. Жер ғылымдары туралы институт құрылады. Бұл үш жоба биыл құрылысы қолға алынатын геологиялық кластердің негізін қаламақ.
    
      Бибігүл ҒАДІЛБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу