Мемлекеттік бағдарламаның шарапаты мол - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік бағдарламаның шарапаты мол

20.01.2014
Мемлекеттік бағдарламаның шарапаты мол

«Мақсатым жүзеге асып келеді». Теріскейдегі Прибрежное ауылының тұрғыны  Ақылбек Жақсыбаев осылай дейді. Осыған дейін тұрақты жұмысы болмай, қолда бар көлігімен жалданып жұмыс істеп келген ол  бүгінде мал өсіріп, қасапхана ашуды бастап кетті. Осының барлығына  «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының арқасында қол жеткізді.

 
Ақылбек Жақсыбаевтың мамандығы - жүргізуші. Осыған дейін қаражат табу үшін жалданып жүк  тасыды, темір-терсек жинап жан бақты. Кейін бағдарлама туралы естіп, мемлекеттің көмегіне жүгінді. Қолына 2,5 миллион теңге ақша тиген соң, бұрынғы арманын жүзеге асыруға көшті. Мал сатып алып, жем-азық даярлады.
 
Ақылбек Жақсыбаев кәсіпкер:
Несиенің арқасында мал өсіріп және қасапхана құрылысын бастамақпын. Жарықпен қамту мәселесіне Үкімет көмектесіп жатыр.
 
Несиенің тиімділігі - пайыздық үстемесінің төмендігінде. Бар болғаны 6 пайыз. Бұған қоса қаражатты алғаннан кейін 1,5 жыл жеңілдетілген мерзім қарастырылған. Бұл кәсіпкердің етек-жеңін жинап, шаруасын дөңгелетіп алуға мүмкіндік береді.
 
Раушан Тикибаева, Қызылжар аудандық Жұмыспен қамту орталығының директоры:
Қызылжар ауданында бағдарлама аясында 24 адамға 62 миллион теңге несие берілді. Бұлар негізінен мал санын көбейтемін деген шаруалар  және ағаш өңдеу кәсіпорны мен қызмет көрсету орындары.
 
Елбасы қарапайым ауыл адамдарына кәсіп ашуға барлық мүмкіндік жасау қажеттігін баса айтты. Яғни, еңбекке жарамды, қолынан іс келетін адамдарды қолдау - «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсаты.
 
Бұл бағдарламаның тиімділігін, мемлекеттің қарапайым еңбек адамына деген жәрдемін теріскейліктер де жақсы түсінді. Осының арқасында кәсіп ашамын деушілер жылдан-жылға артып келеді.
 
Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу