Бұландыда минералды мақта шығаратын кәсіпорын ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бұландыда минералды мақта шығаратын кәсіпорын ашылды

04.01.2014
Бұландыда минералды мақта шығаратын кәсіпорын ашылды
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы еліміздегі азаматтардың ойға алған кәсібін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мәселен, Ақмола облысы Бұланды ауданының тұрғыны бағдарламаның шарапатымен минералды мақта шығартын кәсіпорын ашты. Бұл отандық өнім суықтан қорғау үшін ғимараттың қабырғасын, төбесі мен еденін қаптауға пайдалынылады.
 
Ашылу рәсімінен соң жиылған көпшілік өндіріс ошағымен жақынырақ танысты. Қазіргі таңда елімізде минералды мақтаның 80 пайызы шетелден тасымалданады. Оның қатарында Ресейдің «Изовер» атауымен шығарылатын әйгілі құрылыс материалы да бар. Жоғары сұранысқа ие мұндай өнімнің көлемі мен сапасын арттыруға жаңа кәсіпорын өз үлесін қосады. Бастысы іс білетін мамандар қажет. 
 
Сергей Лыков, өндіріс бойынша директордың орынбасары:
Қазіргі уақытта 120 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. өндіріс толық қуаттылығына жеткенде олардың саны 140-150-ге барады. Барлығы дерлік жергілікті тұрғындар.   
 
Жобаның құны 600 миллион теңге. Зауыт әзірге жылына 10 мың тонна минералды мақта шығаруға қауқарлы. 10 мың тонна өнімнің бағасы шамамен 4 миллиард 180 мың теңге. Отандық өнімді шығаруға мемлекеттік бағдарламаның көмегі тиді. 
 
Теміржан Хамитов, Ақмола облысы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:
Банктен алған несиелері бар екен. 268 миллион теңгені 14 пайызға алған. Біз соның 7 пайызын субсидия ретінде «Бизнестің жол картасы-2020» бойынша көмектесіп жатырмыз. 
 
Шығарылған өнім алдымен отандық нарыққа жол тартады. Халықаралық бәсекеге қабілетті болған жағдайда көршілес мемлекеттерге шығарылады. 
 
 
Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу