Экономикалық әлеуетке сәйкес әлеуметтік ахуал жақсаруда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экономикалық әлеуетке сәйкес әлеуметтік ахуал жақсаруда

03.01.2014
Экономикалық әлеуетке сәйкес әлеуметтік ахуал жақсаруда
Қызылорда облысының 2020-шы жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясы бар. Бұл құжатта өңірдің барлық саласын өрістетуге бағытталған іс-шаралар жоспары айқындалған. 
 
Осының негізінде аймақта сан салалы тірліктер қолға алынып, нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Бір жылда 17 денсаулық сақтау, 14 білім беру нысаны, 5 елді мекенде клуб үйі пайдалануға берілді.
 
Сыр өңірі-жаңаша серпін алған экономикалық өрлеу орталығы. Облыста биыл   бір триллион 337 миллиард теңгенің өнімі өндірді. Былтыр өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 3,7 пайызды құраса, қазір көрсеткіш 4,2 пайызға жетті.  
 
«Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры құрылысының бірінші кезеңі аяқталып, өңірде автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылды. Станция арқылы облыс орталығы көгілдір отынмен толықтай қамтамасыз етіледі.
 
Сондай-ақ, алдағы уақытта 21 елді мекен газдандырылмақ. Экономиканың алға ілгерілуі, сәйкесінше, әлеуметтік салаға оң әсер етуде. 
 
11 мектеп, 3 балабақша, 15 дәрігерлік амбулатория мен 5 ауылдық клуб пайдалануға берілді. 
 
Сондай-ақ, жыл басынан бері 92 600 шаршы метр тұрғын үй салынды. Қоныс тойын тойлағандардың бірі – Тұрсын Қоскенова. Ұзақ жыл бойы   баспана тауқыметін тартқан 80 жастағы кейуанаға жылан жылы осындай жақсы жаңалық сыйлады.
 
Тұрсын Қоскенова, қала тұрғыны:
Бүгін қуанышқа келіп тұрмыз. Қуанышымыз қуанышқа қосыла берсін деп жатырмыз. Шашуымызды шашып жатырмыз.
 
Ал Ыбырай Жақаев ауылының тұрғындары елді мекенде емдеу мекемесі ашылып, қуанышқа кенелді. Заманауи құралдармен жабдықталған амбулаторияда жан-жақты тексеріліп, ем алуға мүмкіндік бар.
 
Ләззат Пәрменқұлова, Ы.Жақаев ауылының тұрғыны:
Тексеру бөлмелері бізде аз болғандықтан, орталыққа жүгіріп жататын едік. Қазіргі таңда барлығы осының ішінен табылады. Өте қуаныштымыз.
 
Денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістердің нәтижесі болса керек, өңірде демографиялық ахуал жақсарды, өлім-жітім азайды, бала туу көрсеткіші артты.   Сәбилердің дүниеге келу саны бойынша Сыр елі республикада алғашқы үштікте.
 
Гүлнәр Жұмашева, қалалық перзентхананың бас дәрігері:
Кезінде 3 мың ана босанатын болса бір жылда, бұл жылы 7 мың ана босандырдық.
 
Бұл әрине, халық тұрмысының жақсы екендігінің, олардың ертеңгі күнге деген сенімінің зор екендігінің дәлелі. Яғни, экономикалық әлеуеті жылдан жылға артып келе жатқан аймақтың әлеуметтік ахуалы жақсаруда. Ал жылан жылында атқарылған ілкімді істер жылқы жылында да жалғасын табады деген сенім бар.
 
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу