Президент Әулиеатаға барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Әулиеатаға барды

03.06.2019

Мемлекет басшысының осы аптадағы жұмыс сапары хандықтың қазығы қағылған  Әулие ата өңірінде жалғасты. Президент әдеттегідей бірнеше әлеуметтік-мәдени және өндіріс нысандарында болды. Сосын облыс тұрғындарымен кездесіп, өңірдің жалпы дамуына бағасын берді.

Тараз - тарихи бай өлкенің бірі. Президент өңірдегі Айша Бибі, Қарахан кесенелері секілді тарихи орындарды туристік орталық ретінде дамытуға күш салу керектігін айтты. Жаңатас, Қаратау секілді шағын қалалардың әлеуметтік жағдайын, инфрақұрылымын дамытуға көңіл бөлетінін жеткізді. 

Қазір әлемнің 30-ға тарта мемлекеті Қазақстанда шығарылатын минералды тыңайтқышқа тәуелді. Қап толы мына тыңайтқыштар дәл қазір Жамбылдан жаһан елдеріне жол тартып барады. Фосфор зауыты кезінде бүкіл Кеңестің мақтанына айналып еді, қазір де ел экономикасын өрге сүйреуші кәсіпорынның бірі. Президент зауытта жүргізілген жаңғырту жұмыстармен танысты.

Төлепбек Исаев, «Минералды тыңайтқыштар» зауытының директоры:

Кезінде біз жылына 120 мың - 130 мың тонна шығаратын болсақ, былтыр үлкен реконструкциядан кейін өнімділігін 500 мың тоннаға жеткізіп отырмыз. Сұраныс көп, шетелдерге кетеді, ТМД-ға кетеді. Биыл 20 мың тоннадай аммофостты Оңтүстік Америкаға жібердік.

Ал бұл жерде күні кешеге дейін базар тіршілігі қыз-қыз қайнап жататын. Қазір көк базардың орны Көне тараз саябағына айналған. Аумақта этнографиялық мұражай, Достық үйі, Мыңбұлақ, Тараз саздары стелласы бой көтерді.

Президент бұдан кейін халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың шаңырағына келді. Сегіз жыл бұрын қаланың қақ ортасында гранатасы бар лаңкесті денесімен жауып, қаза тапқан батырдың ерлігіне басын иді.

Халықтың әл-ауқаты қалай, аймақта не тындырылып жатыр, қандай көлеңкелі мәселелер бар? Жұртшылықпен жүздесуде Президент әңгімені осыдан бастады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Азаматтардың табысы лайықты жалақы төлейтін жаңа жұмыс орындарының ашылуына байланысты. Қазір еңбекке жарамды әрбір үшінші тұрғын өзін-өзі қамтыған. Олардың табысы жоғары деп айту қиын. Президент ретінде барлық деңгейдегі әкімдерге ескертемін. Сіздердің басты міндеттеріңіз - жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты қызметпен қамту.

Бірақ туғаннан екі қолы жоқ Анар жұмыс тауып бер деп еш уақытта билікке телмірген емес. Тігін цехын ашты. Бар жұмысын аяғымен атқарады. Жерлестерін жұмыспен қамтып отыр. Бірақ кемтар жанның алдынан шығатын кедергі көп.

Анар Бексұлтанова, кәсіпкер:

Қазіргі таңда жұмыс істеймін деген адам көп. Бірақ мүгедектерге несие берілмейді. Бизнес ашқанға қамқорлық көрсетсе, олар да қолдау табар еді деп ойлаймын.

Президент кәсіпкерлердің жолындағы, кедергілер тұтас жойылу керек деді. Және бюджеттік нысандардың құрылысын жүргізуде қағазбастылық, бюрократияға жол бермеу керек.

Содан кейінгі тапсырма - облыстағы қылмыс санын азайту. Жамбылда барымташылардың дәурені жүріп тұр. Бір жыл ішінде мыңнан астам малды қолды қылыпты. Бұл мәліметті Мемлекет басшысы бес саусағындай білетін боп шықты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұған  тыйым салу керек. Адал еңбек етіп, күнін көріп отырған малшыларды  қорғауымыз қажет. Ішкі істер министрлігі қызметкерлерімен кездесуде осы мәселеге қатысты нақты тапсырмалар бердім. Сондықтан әкімдіктер мен жергілікті полиция барымтаға қарсы шұғыл шаралар қабылдауы тиіс.

Аймақтың тағы бір соры қарасорадан кеп тұр. Облыс есірткі қылмысын  ауыздықтауға қауқарсыз. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Есірткі сататын «астыртын» жарнамалар қаптап кетті. Тіпті арнайы сайттар ашылған. Бұл, ең алдымен, жастардың санасын және денсаулығын улайтын кесел. Мұны тоқтату қажет! Жол бермеу керек! Заң жүзінде тосқауыл қоюымыз аса маңызды! Есірткі сатуды кәсіпке айналдырған қылмыскерлер қатаң жазалануы керек! Полиция қызметкерлеріне осы мәселе бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын.

Аймақ экономикалық даму жағынан қатарынан қара үзіп шықпаса да, көштен қалмай келеді. Жыл басынан бері тау-кен, химия, жеңіл және тамақ өнеркәсібі бойынша 154 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Өңірлік өнім өткен жылғыдан 3,5 %-ға артқан. Осыларды саралай келе Президент қай салаларға серпін беру керектігін айтты. Оның қаншалықты орындалатыны енді жергілікті әкімдерге сын.

Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу