23 маусым - Мемлекеттік қызметкерлер күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

23 маусым - Мемлекеттік қызметкерлер күні

23.06.2016
23 маусым - Мемлекеттік қызметкерлер күні

2002 жылдың 20 желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымының 57-інші Бас ассамблеясының сессиясы өтіп, 23 маусым БҰҰ-ның Мемлекеттік қызметкерлер күні деп бекітілді. Сонымен қатар, БҰҰ мүше мемлекеттерді дәл осы күнді Мемлекеттік қызметкерлер күні деп тануға шақырған болатын.

Қазақстанда мемлекеттік  қызметте 90 мыңнан астам азамат нәпәқасын тауып отыр. Олардың 49 мыңнан астамы қыз-келіншектер. Саяси қызметкерлердің орташа жасы 48 жас, әкімшілік қызметкерлерінікі - 39 жас,  «А» корпусы мемлекеттік қызметкерлерінікі - 45 жас.

Мемлекеттік қызмет саласын табысты реформалау және бәсекеге қабілетті, сауатты, білікті мамандармен толықтыру ҚР Президенті Н.Назарбаевтың саяси ұстанымының нәтижесі. Айта кетерлік жайт, мемлекеттік қызмет бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу халықаралық қауымдастықтың жоғары бағасына ие болды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы  № 128 Жарлығымен  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігі құрылды.

Министрлік мемлекеттік қызмет саласында басшылықты, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау мен бақылауды, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу мен тергеу бойынша салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган. 

Хабарламаларға жазылу