Күш құрылымдары Ақтөбедегі оқиғаның сұмдық сценарийге өрбуінің алдын алды - Е. Қарин - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Күш құрылымдары Ақтөбедегі оқиғаның сұмдық сценарийге өрбуінің алдын алды - Е. Қарин

06.06.2016
Күш құрылымдары Ақтөбедегі оқиғаның сұмдық сценарийге өрбуінің алдын алды - Е. Қарин

Күш құрылымдары Ақтөбедегі оқиғаның сұмдық сценарийге өрбуінің алдын алды. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры  Ерлан Қарин Facebook-тегі парақшасында осындай пікір білдірді.

«Ақтөбедегі оқиғаға қатысты әр түрлі пікірлер оқып отырмын. Оның арасында «арнайы қызметтер қайда қараған», «олар қалайша осыған жол беріп қойды», тіпті «осыны ішкі проблемалардан назар бұру үшін күш құрылымдарының өзі ұйымдастырып отырған жоқ па екен» дегенге саятын талқылаулар да болып жатыр. Әйтсе де, мен күш құрылымдарының Ақтөбедегі оқиғаның одан да сұмдық сценарийге өрбуінің алдын алғанына сенімдімін. Мұндай топтың кенет шабуылы күш құрылымдарының, жалпы биліктің жұмысын дағдартып,  елді бұдан да зор дүрліктіруі мүмкін еді, алайда, арнайы қызмет оқиғаны бақылауда ұстап, оларға тойтарыс берді, қаскөйлердің ойлағандарын іске асыруға жол бермеді», - деп жазады әлеуметтік желідегі парақшасында Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, қару-жарақ дүкеніне, әскери бөлімге шабуыл негізінен мейлінше көп қару-жараққа иелік ету мақсатында жасалған. Яғни, қаскөйлер бұны бұған дейін де, кеше де жүзеге асыра алмады. «Енді ойлап көріңіз, олар бірден соншама қару-жарақты басып алса не болар еді?!» - деп жазады Е. Қарин Facebook-тегі парақшасында.

Бұдан бөлек, терроризм жөніндегі сарапшы 2015 жылдың қарашасынан бері еліміздегі түрмелерді аралап, онда Сирияда соғысып, кейін Қазақстанға оралған  немесе үшінші елдерде тұтқындалған азаматтармен кездескенін атап өтеді. Оның айтуынша, осыған ұқсас оқиғалар бойынша сотталғандардың тағдыры да, мәселесі де әр түрлі. «Біреулері Қазақстанға нақты мақсатпен, нақты жоспармен оралған. Соның біреуі Сирияда мина-жару ісі бойынша үш айлық курстан да өткен. Ол іргедегі мемлекет арқылы өзінің туған қаласына оралған. Сонда пәтер жалдап тұрады, сақ болғаны соншалықты симкасын күніне неше мәрте өзгертіп отырыпты, қаладағы дәріханалардың әрқайсысын аралап жүріп, асықпастан жарылысқа керекті заттарды миллиграммдап біртіндеп, тәптіштеп жинаған. Ақыры арнайы қызмет оны анықтап, тұтқындады. Ол маған өзі соншалықты сақтық жасағанына қарамастан, сауда үйінде ұсталғанына қатты таңғалғанын айтты. Қазір қатаң режимдегі колонияда мерзімін өтеуде.  Мұндай оқиғалар көптеп саналады. Мен бұны терроризммен күрестің ұдайы әрі көбінесе көзге көрінбейтін жақтардан да жүріп жатқандығын білдіру үшін айтып отырмын. Ал ондай күрестегі жетістіктер мен жеңістер туралы жұртшылыққа айтып жатудың қажеті де шамалы. Өйткені ереже солай. Сондықтан да, мен Ақтөбедегі оқиғаға байланысты күш құрылымдары сұмдық сценарийдің  өрбуін болдырмай, алдын ала білді деп сенемін», - деп жазады сарапшы.

Хабарламаларға жазылу