Оразаны арабтар «саум» дейді. Мағынасы «тыйылу» дегенді білдіреді. Оразаны балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс кез келген мұсылман ұстай алады. Тек шын ниет керек.
Оразаның бірнеше түрі бар. Қасиетті Рамазан айындағы 30 күн ораза - парыз. Тұтуға серт беріліп, бірақ, уақыты белгіленбеген оразаны уәжіп деп атайды.
Ал, нәпіл оразаны күнәра, әр айда үш күн, әр аптаның дүйсенбі, бейсенбі күндері, шәууәл айында 6 күн, Арафада бір күн ұстайды.
Ерікті оразаны жылдың бес күнінде ұстауға тыйым салынған. Олар Ораза айт пен Құрбан айт күндері.
Сәресіні таң намазына 10 минут қалғанға дейін ішкен абзал. Ауызды ақшам уақыты кіргеннен кейін ашады.
Бұл айда Ораза ұстаған пендеге ауызашар берген адамға да ауыз бекіткен адамның сауабындай сауап жазылады. Бірақ, астатөк тамақ әзірлеп, мөлшерден шығып кетуге де болмайды. Ол ысырапшылдыққа әкеліп соғады.
Әлемдегі ең үлкен ауызашар Мәдина қаласындағы «Әл-Харам» мешітінде беріледі екен. Онда күніне шамамен 300 мың адам ауыз ашып, мешіттің ауласында 12 мың метрден астам дастархан жайылады.
«Әлеуметтік жағдайыңызға қарай бір адамға болсын шын ниетпен ауыз аштырып, сауапқа кенелуге болады», дейді «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Қуат Ерғалиұлы.
Ауызашар дастарханында алдымен құрма мен судың болуын қадағалаңыз. Ифтар уақытында барынша уағыз айтылып, діни өлеңдер оқылғаны абзал.
Тұтқан оразаларыңыз қабыл болсын!