Оңтүстіктегі әскерлер жоғары деңгейдегі дайындыққа келтірілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстіктегі әскерлер жоғары деңгейдегі дайындыққа келтірілді

16.02.2016
Оңтүстіктегі әскерлер жоғары деңгейдегі дайындыққа келтірілді
Оңтүстіктегі әскерлер жоғары деңгейдегі дайындыққа келтірілді

Бүгін «Оңтүстік» аймақтың қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдер дабыл бойынша көтеріліп, дайындықтың жоғары деңгейіне көшірілді. Себебі, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарындағы әскери бөлімдердің жауынгерлік әзірлігін тексеру басталды.

Алдын ала ескертусіз, аяқ астынан ұйымдастырылатын мұндай тексеру кезінде әскери бөлімдер дабыл бойынша жоғары жауынгерлік әзірлік сатысына көшіріледі. Әскерлер жедел түрде орналасқан жерлерінен шығарылып, әскери дайындықтар өткізетін аймақтарға қарай бет алады. Бүгін де Тараз гарнизонынан шыққан 160 әскери техника, Луговой стансасынан платформаларға тиелген техникалар Отар полигонына қарай аттанған жайы бар.
Оңтүстіктегі әскерлер жоғары деңгейдегі дайындыққа келтірілді
Қызылорда облыстық Қорғаныс істері бойынша департаменті, қалалық қорғаныс істері басқармасы мен бөлімшелері жоғары жауынгерлік дайындық сатысына көшірілді. Облыстағы құқық қорғау мен арнайы қызмет мекемелеріне, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға, «Қазақтелеком» АҚ бөлімшелеріне тиісті хабар берілген. Жаттығу барысында жасақталған аранйы мақсаттағы бөлім әскери міндеттерді орындаудың ерекшеліктерін пысықтады.

Оңтүстік өңірдегі әскери бөлімдердің дайындығын тексеру барысында жауынгерлер өздеріне бейтаныс сынақ полигондарына жіберілуде. Бұл әскери полигондарда жақын арада жаттығудың ерекше кезеңі өтеді. Ұрыс техникалары оқ атып, жауынгерлер әскери әзірліктерін пысықтайды.

Жалпы, күтпеген жерден әскери жаттығулар өткізу Қарулы күштердің түрлі бөлімшелері мен құрылымдарының арасныдағы өзара үндестікті, бірлесе іс-қимыл жасау дағдысын қалыптастыруға, әскер бөлімдерінің байланысын нығайтуға септігін тигізетін шара болып есептеледі. Сол себепті де, Қорғаныс министрлігі соңғы кездері әскери бөлімдерде осныдай жаттығуларды жиі өткізіп жүр. «Оңтүстік» аймақтық қолбасшылығында басталған бұл шаралар кешенді әскери жаттығудың бірінші сатысы болып есептеледі.


Kaznews.kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу