Қой жылында естелікке айналған асылдар... - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қой жылында естелікке айналған асылдар...

29.12.2015
Қой жылында естелікке айналған  асылдар...
Сонымен ресми күнтізбе бойынша тағы бір жыл енді санаулы күндерден соң аяқталады. 2015 жыл алаш баласы үшін жаман болған жоқ. Ел аман, жұрт тыныш қазір. Экономикадағы азды-көпті қиындықтарға «бұдан да жаман күнімізде тойға барғанбыз» деп, барға қанағат қылып, жоққа сабыр етіп ғұмыр кешіп жатыр біздің жұрт. Әдеттегідей өткен жылдарға өкпе айтпақ емес бұл қазақ. Дегенмен, 2015 жылдың жанға салған жаралары да болмай қалған жоқ. Әсіресе, аяқталып келе жатқан жылда қазақтың біраз азаматтары бақилық болды. Бәлкім, көкейде қалған өкініштер солар ғана шығар...

Қой жылында естелікке айналған  асылдар...

2015 жылы біздің арамыздан біраз қайраткер азаматтар, ел ағалары кетті. Пәниден көшіп, бақилық сапарларын бастады. Жылдың басында тегі неміс болғанымен, болмысы қазақ, алаштың жоғын бір кісідей жоқтап өткен жазушы Герольд Бельгер өмірден озды. Жазушы артына 40 тан астам кітап қалдырыпты.

Қой жылында естелікке айналған  асылдар...

Тағы да сол жыл басында қазақ мультипликациясының атасы саналатын Әмен Қайдар ақсақал да кетті арамыздан. Ақсақалдың қолынан шыққан «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» (суретші-қоюшы, 1967), «Ақсақ құлан» (1968), «40 өтірік», «Қожанасыр – құрылысшы» (1971), «Күн сәулесі» (1975), «Лаула» (сценарий авторы, 1981), «Сиқырлы кілем» (1981), «Құйыршық»(1969), «Тағдыр» және басқа да көптеген мультфильмдері талай жанға таныс еді. Сол мультфильмдерді көріп өскен балалардың өзі қазір орта жастан асып, сақалдары мен самайларына ақ кіре бастады. Ал, Әмен Қайдар ақсақал 92 жасқа келіп еді.

Қой жылында естелікке айналған  асылдар...

Одан соң, көктемде, сәуір аяқталар тұста көрнекті әнші, «А-Студио» тобының негізін қалаушы Батырхан Шүкенов өмірден озды. Әнші Мәскеуде көз жұмды. Бәлкім, жай ғана ұқсастық шығар, әйтеуір Мәскеу жақта жүріп қазақтың талай арыстай азаматтары өмірмен қоштасқаны бар тарихта. Күләш Байсейітова, Мұхтар Әуезов және тағы біраз азамат теріскейдегі елдің астанасында бақилық болыпты. Тағдыр солай болған шығар, Батырхан да Мәскеуде дүние салды. Әншінің қазасы өнер сүйер қауымды есеңгіретіп кеткен еді. Бірақ, оның әндері тыңдарманының жүрегіне бәдізделгенін байқадық. «Артында ән қалдыру» да «сөз қалдырғанмен» бірдей шығар. Батырханның қазасы солай болды.

Қой жылында естелікке айналған  асылдар...

Мамырда, кәдімгі мамыражай айда тағы бір суыт хабар қазақ даласын шарлап кеткен-ді. Өмірден жазушы Дидахмет Әшімханұлы өткен-ді. Артына «Аққабаның толқыны» (1981), «Он бірінші күз» (1987), «Каменная падь» (1990), «Жер аңсағай сары атан» (1998), «Самырсын сазы» (2000), «Әңгіме емес әңгімелер» атты әңгімелер мен повестер жинағын қалдырған Дидахмет Әшімханұлы аударма жанрының хас шебері болатын. Ол Дж. Голсуорси, Дж. Лондон, Е. Шварц, А.Курчаткин, А.Аширов, Х.Абдуллин, Т.Минуллин, А.Лупан, Т.Пулатов, П. Пурэвсурен, Кришннабам Малл шығармаларын қазақпен табыстырған аудармашы болатын.

Қой жылында естелікке айналған  асылдар...

Қой жылында Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Нұрлан Балғымбаев өмірден озды. Ол 1997 жылдан 1999 жылдарға дейін Қазақстан премьер-министрі қызметін атқарған болатын. Сонымен қатар, ол әр жылдарда мұнай және газ саласына жауапты министр, «Қазақойл» мұнай-газ ұлттық компаниясының президенті болып еңбек еткен еді. Ол 68 жасында өмірден озды.

Қой жылында естелікке айналған  асылдар...

Аяқталар жылдың көктемінде тағы бір білікті маманнан айырылдық біз. Ол–Нұрлан Қаппаров. Қытайдың Бейжің қаласына ресми іс-сапармен барған кезінде «Қазатомпром» басшысы Нұрлан Қаппаров өмірден озған-ды. Мемлекет қайраткері еңбек жолында ҚР энергетика және минералды ресурстар вице-министрі, Lancaster Group Kazakhstan директорлар кеңесінің төрағасы, ҚР қоршаған ортаны қорғау министрі болып еңбек еткен еді.

Қой жылында естелікке айналған  асылдар...

Ал, қоңыр күзде қоғам қайраткері, «Әділет» демократиялық партиясының іргесін қалаушы Мақсұт Нәрікбаев өмірден озды. Ол ғұмырында Қазақстанның бас прокуроры және Жоғарғы сот төрағасы қызметтерін атқарған болатын.

Қой жылында естелікке айналған  асылдар...

2015 жылы өмірден ғалым Тұрсынбек Кәкішев те озды. Ол 1968 жылдан өмірінің соңына дейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде аға оқытушы, доцент, профессор болып қызмет атқарды. Ол ХХ ғасыр басындағы қазақ басылымдары – «Айқап», «Қазақ» газеттерін, «Садақ» қолжазба журналын зерттеді. 1972 жылы Мәскеуде «Тамаша адамдар өмірі» сериясымен «Сәкен Сейфуллин» атты кітабы басылып шыққан. Ол сәкентанушы ретінде жадымызда қалды. Алаш қайраткерлері туралы «Кер заманның кереғар ойлары», «Мағжан-Сәкен», «Толғам», «Мерей» еңбектері де ел есінен шықпақ емес.

Қой жылында естелікке айналған  асылдар...

2015 жылы майдангер жазушы Қалмұқан Исабаев өмірден озды. Жастық шағын соғыста өткізгенімен әдебиет майданында сүрінбеген санаулы тұлғалардың бірі болатын ол. Бауыржан Момышұлы, Қасым Аманжолов, Әзілхан Нұршайықов, Әди Шәріпов, Мәлік Ғабдуллин сынды майдангер-жазушылар легінің соңғы өкілдерінің бірі еді жарықтық. Ұзақ жасады. Алаштың азаттық алған күнін де, елінің тәй-тәй басқан сәтінен бастап, кемелденген кезеңге келгенін көрді. Артына көптеген әдеби мұралар қалдырып кетті.

Қой жылында естелікке айналған  асылдар...

Желоқсанда Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері, ұлт әдебиетінің абызы Әбіш Кекілбаев бұл пәнимен қоштасты. Алғашқы өлеңдер жинағы «Алтын шуақ» деген атпен 1962 жылы жарық көрген жазушы «Бір шөкім бұлт» , «Дала балладалары», «Бір уыс топырақ», «Тырау тырау тырналар», «Ұйқыдағы арудың оянуы» , «Шыңырау», «Заманмен сұхбат», «Азаттықтың ақ таңы», «Үркер», «Елең-алаң» сынды көптеген кітаптар мен жинақтардың авторы еді. Ол «Қазақстанның Еңбек ері» атанған, ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Республикасы Президентінің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының иегері болған, «Отан» орденін, «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» орденін кеудесіне таққан, «Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін сыйлығын» алғна тұлға еді. Әбіш Кекілбаев Мелекеттік хатшы қызметін атқарып, Қазақстанның Жоғарғы кеңесіне, Парламент мәжілісі мен сенатына депутат болып сайланған болатын.

Жалпы, 2015 жылы өзге де бірқатар азаматтардан айырылдық. Алайда, олардың артында елі, еліне сіңірген еңбектері қалды. Өмір бар жерде өлім де қатар жүретіні сөзсіз. Тағдырдың жазуымен бұл пәниге қош айтты олар. Мағжан ақынның:
«Арқаның селі, желі, шөлі, белі-
Ерлерді ұмытпаса ел ұмытпас»,-дейтіні бар. Демек, арыстарын елі ешқашан ұмытпақ емес. Оған сеніміміз кәміл. Біз тек 2015 жылға шолу жасағанда жалған дүниемен қош айтысқан азаматтарымызды тағы да бір еске алғымыз келді. Қуанышы мен қайғысы қатар өрілген өмір ғой бұл.


Kaznews.kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу