Оралда ұшқыш Николай Майдановқа арналған ескерткіш ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда ұшқыш Николай Майдановқа арналған ескерткіш ашылды

29.10.2015
Оралда ұшқыш Николай Майдановқа арналған ескерткіш ашылды
Оралда ұшқыш Николай Майдановқа арналған ескерткіш ашылды

Оралда Кеңес одағының және Ресей федерациясының батыры атанған Николай Майдановтың мүсіні ашылды. Батыр жерлеске арналған кеудемүсін ҚР Қорғаныс министрлігі Орал әскери-техникалық мектебі ғимараты алдына орнатылған. Бұл туралы Қазақ радиосының меншікті тілшісі Динара Киндербаева хабарлады.

Салтанатты шараға Ресейден арнайы келген Н.Майдановтың қаруластары, тума-туыстары қатысты. Ресей батыры, Ростов облысы губернаторының кеңесшісі Александр Дзюба полковник Николай Майдановтың ерлікпен қаза тапқанын, қысқа ғұмырында өшпес із қалдырғанын атап өтіп, естеліктерімен бөлісті.

Николай Майданов 1956 жылы 9 ақпанда Орал облысы Жымпиты ауданында дүниеге келген. 1984 жылы алғаш рет Кеңес армиясының сапында Ауғанстанға аттанып, көптеген әскери операцияларға қатысқан. 1987 жылы Ауғанстанға екінші рет барды. Николай Майданов өз тікұшағымен 1250 рет ұрыс аймақтарына ұшып кірген. Майданнан 85 жаралы жауынгер мен офицерді алып шықса, 1000-ға жуық десантшыны, 100 тонна жүкті тиісті жерлеріне жеткізген. Кеңес одағының батыры атағын осы ерліктері үшін 1987 жылдың 29 шілдесінде алса, Ресей федерациясының батыры атағы оған Шешенстандағы ұрыстарға қатысып, ерлік көрсеткені үшін 2000 жылы, өзі қаза тапқан соң берілді. Батырдың есімі кейбір деректерде Қайыргелді, тағы бір деректерде Қайырболат деп аталып жүр.


Kaznews.kaztrk.kz

Фото Сергей Романовтікі

Хабарламаларға жазылу