Сарыағаш ауданына қарасты Қоралас елді мекеніндегі тіршілік нәрінің мәселесі жылдар бойы айтылып келеді. Алайда, еш нәтиже жоқ. Қазір шекаралы аумақта тұратын халық мал ішетін арықтың суын пайдалануға мәжбүр.
100-ден аса түтіні бар Қоралас ауылы ауызсудан тарыққанына біраз жыл болған. Қазір еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қара судың қамымен жүр. Ауылдағы арықтан тасып, лайланған суды тұнытып ішуге мәжбүр.
Рахия Арынова, Қоралас ауылының тұрғыны:
4-5 жыл болды. Алдында ішуге жарайтын су болған. Қазір ішуге де су жоқ.
«Жығылғанға жұдырық». Күнделікті қажетке жарап отырған ағын су да соңғы кезде тоқтап қалатын болған. Бұл мәселе ауылдағы ағайынның жағдайын тығырыққа тіреді.
Қарсыгүл Ошанова, Қоралас ауылының тұрғыны:
Мына жерге бау-бақша еге алмаймыз. Құбырларды тесіп тастаған.
Төзімі таусылғандар бүгін ауыл орталығына жиналып, наразылыққа шықты. Жағдайды білмек болған шенеуніктердің алдында шулап, оларды сауалдың астына алды.
Жергілікті билік өкілдері болса «ағын судың мәселесі көрші өзбек еліне байланысты», дейді. Көңілі түссе су беріледі. Өйтпеген жағдайда азайтып жібереді. Оның үстіне жер астымен келетін су құбырларының әбден тозығы жеткен. Күрделі жөндеуді қажет етеді, бірақ, оған қаражат жоқ.
Қошқарбай Есенбаев, Ұшқын ауылдық округі әкімдігінің маманы:
Біздің тарапымыздан ағын су, ауызсу мәселесінде аудан әкіміне құжаттар тапсырылған. Мәселені шешу сол кісілердің құзыретінде.
Лесбек Серікбаев , облыстық Тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:
Зерттеу жұмыстары 2015 жылы жүргізіліп, төртінші тоқсанда бекітіледі. Біз соның қорытындысымен хаттама аламыз. Жобалық-сметалық құжаттарын жасатып, әрі қарай құрылыс жұмыстарын жүргіземіз.
Қораластықтардың қордаланған мәселелері жақын арада шешілетін түрі жоқ. Тұрғындар жуық арада нәтиже шықпаса, Елордаға шағымданамыз, деп бекініп отыр.
Айнұр АҚБАЕВА