Жарты жылда еліміз бойынша 7 баланы пойыз қаққан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жарты жылда еліміз бойынша 7 баланы пойыз қаққан

29.07.2014
Жарты жылда  еліміз бойынша 7 баланы пойыз қаққан

Осы жылдың алты айында еліміз бойынша 7 баланы пойыз қаққан. Оның 4-еуі қайғылы жағдаймен аяқталды. Жаз басталысымен өзге өңірлердің тұрғындары Астанаға ағылады.

Күніне орта есеппен 10-12 мың адам келіп-кетеді екен. Дәл осы шақта құқық бұзып, пойыз жолды белгіленбеген аймақтан кесіп өтетіндер жиі кездеседі.

Бірақ пойыз ондай қателіктерді кешпейтінін ескермейді. Бүгін осындай олқылықтың алдын-алу мақсатында Көліктегі ішкі істер департменті мамандары арнайы іс-шара ұйымдастырды.

Мадияр Тасболатовтың үйі пойыз жолдың арғы бетінде. Күнделікті ол осы қызметтік жолды кесіп өтеді. Бірақ, бұл жермен жүруге болмайды деген белгілерді көрмеген. Бүгін оның алдынан полиция қызметкерлері шығып, бұдан кейін қайталама деп ескерту жасады.

Мадияр Тасболатов, қала тұрғыны:

Енді өтуге болмаса, өтпейміз. Көпірмен өтеміз немесе басқа жолмен. Автобуспен жүрсек, тіке кете береміз.

Мамандар мұндай ескертуді күнделікті жасаймыз, дейді. Бірақ, естір құлақ табылмайтыны өкінішті. Қызметтік жолмен арнайы жүргіншілерге арналған көпірдің арасы 20 метр. Тұрғындар сол өткелмен өтуге ерінеді екен.   

Нұрлан Садықов, ҚР ІІМ Көліктегі ІІД Әкімшілік полиция басқармасының басшысы:

Жуырда ғана Астана станциясына қарасты, Шортандыда бала үйіне бармақшы болып, жүк вагонының үстіне шығып, содан тоқ аймағына түсіп тоқтан денеге қатты зақым алып, содан қайтыс болды. Мұндай оқиғалар іргелес жақын аймақта тұрғандықтан, үйіне баруға немесе мектепке баруға басқа жолды қысқартамын деген балалықтан  болады.

Мамандар шойынжолдың бойында құлаққап киіп, музыка тыңдамауға кеңес береді. Өйткені, пойыз жүргізушінің ескерту дабылын естімей қалса, оның арты орны толмас өкінішке соқтырады.

Сондай-ақ, қазір теміржолдағы белгіленбеген аймақты кесіп өткен адамға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Енді осы айыппұлдың көлемін алдағы уақытта 2 есеге көтеру қарастырылмақ.

Сәкен Сейітханұлы, тілші:

Пойыз – автокөлік емес. Тежегішті бассаң, тоқтай салатын. 30-40 вагон тіркеген жүк көлігі тежегіш іске қосылғаннан кейін 500-800 метр және жүреді. Сондықтан, алдына шыққанды іліп алып кетеді. Оның соңы қайғылы жағдайға әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан, пойыз жолды кесіп өтерде, осы жайттарды қаперге алған ләзім.

Сәкен СЕЙІТХАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу