Шабындықта шаруа қызып тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шабындықта шаруа қызып тұр

29.07.2014
Шабындықта шаруа қызып тұр

Ақтөбе облысының шаруалары мал азығын дайындаудың қамында жүр.  Қысқа 1 миллион тоннадан аса жем-шөп әзірлеу қажет. Жоспардың 70 пайызы орындалды. Мәртөк, Ойыл аудандарында шөп жөнді шықпаған.

Есесіне, егіні бітік болмаса да, Әйтеке би ауданының шөбі шүйгін. Шабындықта ору науқанының қызған шағы. Шаруалар су мен от тигізбей шөпті жинап алуға күш салуда.

Қарабұтақ ауылының шөпшілері шабындыққа шыққалы 20 күн болды. Күні-түні тыным жоқ. Мың жарым гектар аумақтан қазір 800 бума бидайық жиналды.

Иман Байдрахманов, шаруа қожалығының иесі:

Техникамызды көбейте береміз. Қазір тіршілік қой, бәріміздің де жасап жатқанымыз. Қысқа мал азығын дайындаймыз. Жаздай осы шөппен бейнеттенеміз, шөбімізді шабамыз, үйеміз, тасимыз. Жемімізді жинаймыз.

Әйтеке би ауданында 29 мың гектардан аса шабындық бар. 100-ден аса ірі және шағын шаруаларға тиесілі жерден күзге дейін 198 мың тонна мал азығын жинау жүктелген. Бұл қажет мөлшерден бір жарым есе артық. Шүйгін шөптен келер жылға да артық қор жинамақ.

Темірбек Бозғылбаев, Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары:

78 мың тоннаның үстінде қазір дайындалды. Оның елу пайызы, дайындалған шөптің мал қыстақтарына тасылды. Бүгінгі таңда жеке үйлерге 35 пайызы, 78 мың тоннаның 35 мың тоннасы жеке үйлерге тасылып жатыр. Аудан бойынша 3 мыңның үстінде мал ұстайтын аула бар.

Қорасын толтырған шаруалар жиған өнімін көрші аудандарға сатып жатыр. Бір тонна шөп 10 мың теңге. Баға тұрғындар үшін тиімді. Мал азығы алдымен мүгедек және тұрмысы төмен отбасыларына  жеткізіледі.

Әйтеке би ауданында биыл шөп шүйгін шығып, шаруалардың ісі оңға басты. Ал, 165 мың гектар жерге дәнді дақыл салған диқандар үшін үміттен күдік  басым.   

Әлия ТАЛАСОВА

 

Хабарламаларға жазылу