Оңтүстік Қазақстан облысы: Қауын еккендер қарызға батуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Қазақстан облысы: Қауын еккендер қарызға батуда

22.07.2014
Оңтүстік Қазақстан облысы: Қауын еккендер қарызға батуда

Қауын егіп, қарызға батқан диқандар. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданында бақша өнімін еккен шаруалар шығынға батып жатыр. Бұған бақша өнімдері бағасының күрт құлдырап кетуі себеп. Ауыспалы егіске көшіңдер, деген жергілікті билік те көмек беруге қауқарсыз.

Ерте көктемнен жер  тырмалап, табанды еңбек еткен шаруалар «төккен теріміз  текке кетті», деп ашынады. Себебі, еккен өнімнің бағасы ақталмай, шығынға шаш етектен батқан.

Гафур Миразев, шаруа: 

5 гектар жерге 1,5 миллион теңге шығын кетті. Өнім  өзін-өзі ақтамай жатыр. Басқа жерге тасымалдайық десек,  қауынға тұтынушы жоқ. Өкімет егіңдер дейді бірақ, өткізетін жер жоқ.

Мақтаарал ауданындағы бес ауыл әкімдігі биыл қауын егіп, шығынға батып отыр. Соның ішінде ең көп  шығынданғаны - Атақоныс елді мекені. Мұндағы жұрт қазір өнімін жинағанымен, өнімді сатып алушы жоқ дейді.

 Салдарынан құны да түсіп кетіпті. Алыпсатарлар өз бағасын ұсынады. Бұған шаруалардың келіспеске амалы жоқ. Өйткені, уақыттан ұтылса, қауыны шіріп, еңбегі еш кетеді. 

Валижан Узбеков, диқан: 

Қазіргі таңда қорабы 300 теңгеге бағаланып жатыр. Келісі 30-35 теңгеге арзандап кетті. Диқандар  енді не істерін білмей дал. Өнімді өзіміз тасымалдайық десек көліктер қымбат. Оған қаржымыз жетпейді. Тасымалдамайық десек тұтынушылар  төмен баға ұсынады. Онымен қоймай, жартысын «қалдық, шіріген», деп алмайды.

Осылайша,  шаруалар шіріген қауынды  қара малға беріп,  қарық қылуда. Себебі, өнім  артқан үш тіркеменің бірі іріп-шіріп, ысырап болған. Ал, «көмектесеміз», деп уәде еткен  Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы  болса жауабын «қатысым жоқ», деп  қысқа қайырды .

Нұрболат Саттаров, Мақтаарал аудандық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Бұл нарық заманы ғой. Біз шаруа мен сатып алушылар арасына делдал бола алмаймыз.

Осылайша, жағдайы  тығырыққа тірелген шаруалардың мұңын әзірге естір құлақ болмай тұр. Дегенмен, ауылдағы ағайынның әлі де үміті үзілген жоқ.

Биліктен қолдау болып, қабылдау пункттері ашылып қалар деп үміттеніп отыр. Сонда ғана шығындарының өтелетініне  сенімді.

Айнұр АҚБАЕВА

Хабарламаларға жазылу