Астанада тұрғындар суға ақша төлеуден бас тартты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада тұрғындар суға ақша төлеуден бас тартты

21.07.2014
Астанада тұрғындар суға ақша төлеуден бас тартты

Астанада тұрып, айға жуық ауызсудан тарыққан жұртшылық біздің арнаға хабарласып, мұңын шақты. Алматы ауданы, «Ескендір» тұрғын-үй кешенінің тұрғындары ішпеген су үшін ақша төлеуден бас тартып отыр.

«Астана су арнасы» тұрғын-үйдегі есептегіш құралдарының жұмыс істеу мерзімі аяқталғандықтан, осындай қорытынды жасаған. Ал арызданушы жақ бұл шешіммен келіспейді.

Рәзия Қаратаеваның мына үйде тұрып жатқанына - 4 жыл. Ол жыл сайын жаз мезгілінде тіршілік нәрінен тарығады. Маусым айында 5-ші қабатқа су көтерілмей, әлекке түсірді. Оған судың жиі өшетіні қосылады.

Рәзия Қаратаева, қала тұрғыны:

Өзім маусым айына төледім. Маған су арнасынан 4 мың теңге келіп тұр. Мен оларға «сіздер ол соманы қайдан алдыңыздар?» деп хабарластым. Ол бізді 25 мамырда тіркеуге алды. Неге олар бізге ертерек айтпайды? Тіркеуге алған күннен бері айтса, есептегіш құралды да, пломбаны да қояр едік.

Тұрғындар жеке пәтер иелері кооперативінің төрағасына кінә тақты. Өйткені, судың келмегеніне қарамай, бұларды бәрібір төлем жасауға мәжбүрлеген.

Болат Әлмұхамбетов, жеке пәтер иелері кооперативінің төрағасы:

Жарықтың, насостың тұтынғаны ай сайын 300-400 мың теңге. Осы айда 600 мың келді, қазір тексертіп жатырмыз.

Тұрғындар су арнасына да ызалы. Өйткені, мамандар алдын-ала есептегіш құрал орнатыңдар деп ескертпеген. Соның салдарынан әр үйге 4-5 мыңнан төлем қағазы келген.

Әлібек Хайруллин, «Астана су арнасы» МКК баспасөз хатшысы:

Есептегіш құралы біреуінде бар, біреуінде жоқ. Жалпы есептегіш құралы деген барлық үйде бар. Соны есептейді, қанша су берілді. Соған байланысты біз қарап, жалпы үй астындағы есептегіш құралына, қай үй, қалай пайдаланғанына байланысты әр текше метріне төлейді. Кімде жоқ, адам басына бөліп төлеуге міндетті.

Мамандар 3 шілде күні есептегіш құрал орнатыңдар деп ескерттік дейді. Ал су арнасы «Ескендір» тұрғын үйін маусым айынан бастап есепке алған. Мамандардың кеш ескертуінен тұрғындар ақша төлемейміз деп отыр. Керек болса, сотқа арыз түсіреміз дейді. «Астана су арнасы» ертең тұрғындармен тағы жиналыс өткізіп, ақша төлеу-төлемеудің шешімін шығармақ.                                                    

Сәкен СЕЙІТХАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу