Мүмкіндігі шектеулі жандардың талпынысы көпке үлгі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мүмкіндігі шектеулі жандардың талпынысы көпке үлгі

18.07.2014
Мүмкіндігі шектеулі жандардың талпынысы көпке үлгі

Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Даму-Көмек» бағдарламасының игілігін бүгінде мыңға жуық жан көріп отыр. «Даму» қоры мүмкіндігі шектеулі, бірақ сонысына қарамай бизнес бастаған азаматтарды қолдау үшін, «жұлдызға қара» атты қайырымдылық шарасын ұйымдастырды.

Жоба аясында бизнесті сауатты жүргізудің қыр-сыры түсіндіріледі. Ең бастысы – мүгедек жандарға үлкен көлемде қаржы береді. Кәсібін ұлғайтуға жұмсауы үшін.

Маржан Кеңесқызы – туабітті зағип. Қайырымдылық шарасы өтіп жатқанын естіп, орталыққа өзінің бизнес жобасын жолдайды. Комиссия мүшелері Маржанның кәсібі қоғамға пайдасын тигізетін бизнестің түрі деп бағалады. Оған 200 мың теңге қайтарымсыз қаржы берді. Бұл ақшаны енді ол массаж бөлмесін жасақтауға жұмсамақ.

Маржан Кеңесқызы, кәсіпкер:

Осындай жобаның арқасында армандар орындалады. Енді бастаған кәсібің өрге домалайды, өркендейді. Мұндай кезде жұмысыңды махаббатпен істейсің. Тиісінше саған келген емделушілер де тез оңалады.

Осыдан алты жыл бұрын жол-көлік оқиғасына ұшырап, омыртқасы сынған Айдархан Мерғасымов мүгедекпін деп ешкімге алақан жаймайды.

Үйде отырып-ақ ағаштан бұйымдар әзірлеп нәпақасын тауып жүр. Шебердің  қолынан шыққан астау, ожау секілді ұлттық нақышта әзірленген өнімдер сұранысқа ие.

Айдархан Мерғасымов, I топтағы мүгедек:

Балаларымның арқасында мен жаңа өмір бастадым. Қайта тұрып, жүруді, отыруды үйрендім. Достарымның кеңестеріне сүйеніп, ағашпен айналысуды жөн көрдім. Өзім үшін де пайдалы және артымнан қандай да бір естелік қалса,- деймін.

Шымкенттік мүгедек Нұрмұханбет Мұрсалбеков  өзінің сүйікті ісімен нәсібін тауып жүр. Көру қабілетінен айырылған ол саябақтарда, орталық көшелерде шар сатады. «Шарлардан жасалған түрлі пішіндерге сұраныс жақсы»,- дейді. Сондай-ақ, қаладағы бала-бақшалардан тапсырыс қабылдайды.

Нұрмұханбет Мұрсалбеков, ІІІ топтағы мүгедек:

Бұл біріншіден, табыс. Екіншіден, балаларға қуаныш сыйлайды. Үшіншіден, әр адамның қалтасында кем дегенде 500-1000 теңге жүреді. Мен сондай адамдарға күніне жоқ дегенде елу шақты шар сатамын.Төрттен алтыға дейін бала-бақшаның алдында сатамын. Кешкі сегізден бастап паркте тұрамын. Қолым бос кезде зообақта орным бар. Ал, табысым жаман емес күніне 7-12 мыңдай болады.

Бүгінде елімізде  627 мыңнан астам жұмысқа жарамды мүгедек жан тіркеуде тұр. Олардың 404 мыңы жұмысқа жарамды. Бірақ, олардың тек 51 мыңы ғана кәсібінің нәсібін көріп жүр

Шынар АСАНҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу