Мүмкіндігі шектеулі жандар - мемлекет қамқорлығында

11.07.2014
Мүмкіндігі шектеулі жандар - мемлекет қамқорлығында

Елімізде мүгедектердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған мемлекеттік бағдарламалар саны артып келеді.

«Жұмыспен қамту-2020», «Даму-Көмек», «Кедергісіз келешек» - соның дәлелі.

Осының арқасында кемтар жандар жеке кәсібін ашты. Бұрын бизнесі барлары оны кеңейтті. Тек өздерін ғана емес, өзі тәрізді жандарды жұмыспен қамтыды.

Көкшетау қаласында тұратын Василий Шиманский - арбаға таңылса да, өмірге деген құштарлығын жоғалтпаған жан.

2005 жылы өзі сияқты жүруден қалған азаматтарға жәрдемдесу үшін «Шанс» деп аталатын қоғамдық бірлестік құрды.

Көпқабатты үйдің бірінші қабатынан сатып алған ескі пәтерін қалпына келтіріп, кеңсеге айналдырды.

Василий Шиманский, «Шанс» мүгедектер қоғамының төрағасы:

Біз арбаға таңылған жандарды спортқа баулимыз. Түрлі жарыста жақсы жетістіктерге жетіп жүрген спорт шеберлеріміз де бар. Бұдан өзге біз І топтағы 15 мұқтаж жанның кәсіппен айналысуына мүмкіндік туғыздық. Яғни, жеңіп алған тендер бойынша мүгедек арбасын құрастырамыз және оған жастық тігеміз.

Ақтөбе өңірінде 14 мыңнан аса мүгедек бар. Оның 40 пайызы - жұмыссыз. Қазір олар нақты бір кәсіппен айналысуға машықтанып жүр.

Ғани Сырлыбаевтың етікшілікті қолға алғанына - 3 жыл. Қазір осы кәсіппен отбасын асырап отыр.

Аз уақыт бұрын мемлекет қолдауының арқасында кілт жасайтын аппаратқа қол жеткізді. 

Ғани Сырлыбаев, ІІІ топтағы мүгедек:

Өзімнің зейнетақым жетпеген соң, тиісті заттарымды ала алмаған соң «Даму» қорына өтініш жасадым. Екі станок алып берді. Қазір, міне, 6 шаршы метр жерді алып отырмын. Осыны әрі қарай үлкейту ойымда бар. Үлкен шеберхана тұрғызсам деймін.  

Жұмыс істеуге қауқарлы, қабілеті бар жандарды мемлекет далада қалдырмайды. Теріскейлік Қуаныш Некебаев осындай пікірде.

39 жастағы азамат жол апатына ұшырағанға дейін әскери қызметте болған. Тағдырдың тәлкегімен қазір екі бірдей қолынан айырылды. Бірақ, қиындыққа мойынсұнбады.

«Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы туралы естіп, жаңа кәсіп меңгеруге бел буды.

Қазір Петропавл медициналық колледжінде программист болып еңбек етеді.

Қуаныш Некебаев, І топтағы мүгедек: 

2013 жылы жұмыспен қамту орталығына барып, қайта даярлау курсынан өттім. Үш ай оқып, компьютерді меңгердім. Содан кейін осы колледжге жұмысқа орналасуға көмектесті. Қазіргі жұмысым өзіме ұнайды, ұжымымыз да ұйымшыл. Ешкім де  шеттеткен жоқ.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың жалдамалы жұмысқа қарап отырмай, өз ісін бастауы - біздегі стратегиялық міндеттің бірі саналады.

Сондықтан, мемлекет те мұндай жандардан көмегін аяп отырған жоқ.

Шынар АСАНҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу