Тайсойған полигоны мәселесі айтылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тайсойған полигоны мәселесі айтылды

09.07.2014
Тайсойған полигоны мәселесі айтылды

Атырау облысына қарасты Қызылқоға ауданының  Тайсойған сынақ алаңын ресейліктер жалға алған. Айта кету керек, осыдан 3 жыл бұрын ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов қызылқоғалықтардың қолқалауымен Ресей пайдаланып отырған  полигонның байлыққа толы бөлігін қайтарып алу мәселесін көтерген болатын. 

Алайда, бұл мәселе шешіле қойған жоқ. Бүгінде өз жерінде өгейсіп, бір жақсылықты үмітпен сарыла күткен ағайынға сенатор арнайы сапармен барып, берген уәдесін қалайда орындайтынын жеткізді.

Сенатор алдымен полигон аумағы болған соң мұнайды игере алмай отырған Мәтен кенішіне барды. Кеніш аумағы 2500 гектарды құрайды. Оның 1 мыңнан астам гектары сынақ алаңының аумағында.

Барланған 3 миллион тонна мұнай қоры бар. Жылына 5 миллиардқа теңгеге  жуық салық төлейтін мәтендіктер енді полигонды игерсе, ел игілігіне түсер қаржының еселенерін айтады.

«Ембі мұнайгаздың» да мұнайшылары «УАЗ», «Қондыбай» кеніштерін толыққанды пайдалана алмай отырған жайлары бар. Оған қоса, малмен күн көріп отырған тұрғындар, шабындық жердің қажеттігін айтады.

Шора Сарқұлов, Тайсойған ауылының тұрғыны:

Сонау 70-80-ші жылдардың зардабын шегіп жатырмыз. Полигонды жауып, мұнайды қаздырса, біздің елді мекенімізге де, балаларымызға да, мына малдарымыздың да көбеюіне жақсы көмек болар еді.

Айып Супығалиев, «Ембі мұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары:

Біздің есебіміз бойынша тұз үсті қабатында 51 миллиондай мұнай қоры бар. Және де тұз асты қабатындағы мұнайды зерттеуге де қолымыз жетер еді. Егер де полигонның көлемі қысқарса.  

Полигон аумағы - 749 мың гектар. Жалға алған ресейліктер оның 125 мың гектарын ғана пайдаланып отыр. Егер оларға қажетті бөлігін қалдырып, қалған бөлігін қайтарып алса, оның өзі көп мәселені шешуге мүмкіндік береді. Мұнай  игеріледі. Шұрайлы жерді халық игіліне жаратады.

Сәрсенбай Еңсегенов,  ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Бірнеше ондаған шаруа қожалығы өздерінің құжаттарын ала алмауда. Жерді рәсімдей алмай отыр. Ал, бұл айналып келгенде бүгінгі күні Елбасы беріп отырған тапсырманы мынау ауыл шаруашылығын дамыту, халықты  еңбекпен қамтамасыз ету төңірегінде үлкен кедергі болып отыр.

Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов болса, бұл мәселеге министрліктер, Үкімет түсіністікпен қарап отырғандығын жеткізді.  Ол тайсойғандықтардың жақын уақытта үміттерінің ақталарына сенімді. 

Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу