Астана күні мерекесі өңірлерде тойлануда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана күні мерекесі өңірлерде тойлануда

06.07.2014
Астана күні мерекесі өңірлерде тойлануда

Астана күні еліміздің өзге өңірлерінде де сән-салтанатпен аталып өтуде.

Болат Аманбай, тілші:

Павлодар халқы Астана күнін үш күн бойы толассыз тойлап жатыр. Ертіс бойына қонған ел Елорда тойын ерекше көңіл-күймен атап өтуде. Қалалық жағажай, орталық алаң, мәдениет ошақтарында тегіс тәуелсіздігіміздің тірегі, еліміздің жүрегі -Астананың 16 жылдығына арналған концерттік бағдарламалар, спорттық сайыстар өтуде.  

Ольга Пфафенгут, Румын ұлттық мәдени орталығының өкілі:

Әрине, өте көңілді. Астана күні - осындағы  ұлттардың мерекесі. Себебі, Қазақстанның барлық қаласында көп ұлттар тұрады. Біз Астанадай әлем таныған бас қаламыз бар, деп мақтанамыз!

Сағындық Сәбитұлы, тілші:

Қызылжар өңірінің  жұртшылығы да еңселі елорданың мерейтойын барынша сән-салтанатымен тойлауда. Қазір қаланың барлық алаңдарында мерекелік шаралар өткізіліп жатыр.  Ал мереке облыс басшылығы, әскерилер мен мемлекеттік қызметкерлер, жастардың  орталық көшені жаяу жүріп өтуінен басталды. 

Мерекелік шаралар мұнымен толастамайды. Тізіп айта берсек, тіптен көп. Яғни, Астана тойына облыстағы барлық ұйымдар мен мекемелер атсалысуда. Жас фотографтар көрмесінің ұйымдастырылуы да соның бір мысалы.

Мұнда Астана мен Петропавлдың әсем көріністері қойылған. Астана күнін тойлауға қолөнер шеберлері де белсене қатысуда. Орталық саябақтың маңында жиналған олар  өз бұйымдарын көпшілік назарына ұсынуда.

Сағындық Сәбитұлы, тілші:

Кешке «Солтүстік жұлдызы» саябағында Қазақстан эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді. Ал мерекенің соңы отшашуға ұласады.

Ғани Қалмахан, тілші:

Елдігімізді танытқан мерекені жамбылдықтар да шат-шадыман көңілмен тойлап жатыр. Шаһар орталығындағы үлкен экраннан «Елбасы жолы» атты киноэпопеясының «Отты өзен», «Теміртау» фильмдері көрсетілімін тамашалаған жамбылдықтар бұған тағы да бір рет көз жеткізді.

«Ән жырым саған, Астанам». Облыс орталығындағы тұңғыш Президент саябағына мерекелік ән кеші де ұйымдастырылды. Түрлі салада жұмыс істеп жатқан еңбек озаттары мен үздіктер марапатталды.

Ғабиден Исатай, Тараз қаласының тұрғыны: 

Елордамыз Астана жарқырап, жайнай берсін. Еуразияның жүрегінде орналасқан Қазақстан астанасының абырой асқақтай береді деген тілектеміз.

Ел абыройын асқақтатын спортшылар да мерекеден қалыс қалмады.  Шағын-футболдан жастар арасында спартакиада жалауын көтерді.

Әлия Таласова, тілші:

Ақтөбе қаласының 8 мәдени орталығында мерекелік концерт пен ойын-сауық кештері өтіп жатыр. Көпшілік орындарда кісі қарасы көп. Ақтөбеліктер Астана күніне арнап түрлі сайыстар ұйымдастырған. Оған қала тұрғындары  мен қонақтары қатысып, сый-сияпатқа ие болды. Спорттық жарыстардың жеңісі мен өнерпаздар әні Астанаға арналды.

Ақтөбелік қолөнершілер мен қылқалам шеберлері  Астана күнін тойлауға ерте қамданыпты. Майлы бояумен паноға салынған көрікті қала суреті көпті қызықтырды. Қолөнершілер де көз майын тауысып жасаған дүниелерін «Астана- суретшілер көзімен» деп аталатын көрмеге қойды.

Бүлдіршіндер де көңілді. Таласа тас жолға сурет салып, Астананы өз қиялдарынша бейнеледі. Бала көңілінде әсем қаланың күні жарқырап, гүлі жайнап тұр.

Айдос Амандық, оқушы:

Мен бүгін Астананың әдемі ғимараттарын салып шықтым. «Бәйтерек», «Пирамида», «Хан Шатыр» деген сияқты. Мен Астанаға барғанымда осы ғимараттардың ішіне кірсем деп армандаймын. Бүгінгі Астананың туған күні құтты болсын!

Әлия Таласова, тілші:

Қазір, дәл осы тұңғыш Президент атындағы саябақта мереке  жергілікті сазгерлердің «Астана-Арман қала» фестивалімен жалғасады. Би ансамбльдерінің  сайысы өтіп, одан соң жастар рэп, брейк билерін көрсетеді. Астана күніне арналған мерекелік шара отшашуға ұласады. Бұл жылдағы дәстүр. Ақтөбеліктер үшін  Астана күні- көңілді, ұлттық, мемлекеттік  мерекеге айналды. 

 

Болат АМАНБАЙ, Сағындық СӘБИТҰЛЫ, Ғани ҚАЛМАХАН, Әлия ТАЛАСОВА.

Хабарламаларға жазылу