EXPO-2017 көрмесіне оқушылар ерекше дайындалуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

EXPO-2017 көрмесіне оқушылар ерекше дайындалуда

04.07.2014
EXPO-2017 көрмесіне оқушылар ерекше дайындалуда

Павлодарлық оқушылар кәдімгі қазақтың киіз үйі пішіндес үйлер салуды ұсынды. Екі немесе үш қабатты «ақылды үй» жобасы EXPO-2017 көрмесіне орай дайындалған. Павлодарлық дарындардың отын энергетика саласына қатысты басқа да қызықты жобалары баршылық.

«Электрге үнемді тұрғын үй моделі». Киіз үйді этнографиялық құндылық ретінде қалдырмай, ұлттық брендке айналдыру үшін  павлодарлық оқушылар ұсынған жоба осылай аталады. Қазақтың құтты тұрағын олар екі немесе үш қабатты етіп салуды жоспарлаған.

Дәулетбек Есқожин,  Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернаттың түлегі:

Киіз үйдің керегесі. Мынау шаңырағы. Қазір білесіздер коттедждер көп, төртбұрышты, үшбұрышты қылып салып жатыр. Бірақ, қазақтың киіз үйі ұмытылмасын, деп біз жаңа формада киіз үйімізді осылай істеп отырмыз.

Киіз үйдің іші уық, күлдіреуішсіз. Заманауи үлгідегі құрылым. Мұндағы температура бірқалыпты сақталып тұрады. Жарық пен жылу баламалы энергия көздері арқылы беріледі. Яғни, экологиялық таза үй.

Ерғанат Серімов, Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернаттың түлегі:

Жел генераторларын және күннен қуат алатын батареяларды қолданамыз. Оларда жиналған энергия екінші қабатта орналасатын қуаттандыру орталығындағы үлкен аккумулятор батареяларда толығып, содан бүкіл үйді энергиямен  қамтамасыз етуге жетеді.

EXPO -2017 көрмесі павлодарлық дарынды оқушылардың шабытын шақырды. Мәселен, Азамат Қабидоллаев қуаттылығы аса жоғары желкенді жел қозғалтқышын жасады.

Азамат Қабидоллаев, қазақ-түрік лицейінің 9-шы сынып оқушысы:

Желдің жылдамдығы аз болғанда да жұмыс істей береді. Ашылатын және жабылатын желкенді қалақтарының арқасында.

Энергетика саласы бойынша оқушылар дайындаған бірнеше  жобаларға  патент берілді. Енді оны өндірісте қолдануға болады.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                            

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу