Мүмкіндігі шектеулі жандардың көпшілігі - тағдырдың қиындығына мойымайтын қайсар жандар. Олардың көпшілігі мемлекет маған не береді деп, қол қусырып отырмай жұмыс істеп, қоғамның толыққанды мүшесі болып отыр.
Дәмегүл Қаужапарова - Павлодар қаласының тұрғыны. 30 жасында көру қабілетінен айырылған әйел осы уақытқа дейін жұмыс таба алмай, біраз қиналыпты.
Алайда, биылғы жылдың сәуір айында бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне барып, тіркеуге тұрған. Бүгінде қаладағы медициналық мекеменің біріндегі шаруашылық бөлімде жұмыс істейді.
Дәмегүл Қаужапарова, І топтағы мүгедек:
Мүгедек болған соң ешқайда жұмысқа алмады. Президентімізге рахмет айтамын. Мында өзіме лайықты. Өйткені, менің жұмысым өзімнің қолымнан келеді.
Ал, көкшетаулық Серік Ахмадиев 30 жылдан бері халыққа қызмет көрсету саласында еңбек етіп келеді. Ол ІІ топтағы мүгедек болса да, қаладағы сауда үйлерінің бірінде дүңгіршек ашып, бұзылған сағаттарды жөндеумен айналысады.
Серік Ахмедиев, ІІ топтағы мүгедек:
Қазіргі жастарға жұмыс бар . Денсаулықтары болса, ерінбей істеу керек. Өзімнің денсаулығым болмаса да, осы кәсіппен айналысып жүрмін.
Өмірге деген құштарлығын жоғалтпай, ел қатарлы еңбек етіп жүрген тағы бір азамат Ақтау қаласында тұрады.
Азат Есіркепов туғанынан мүгедек болса да, орта мектепте білім алды. Бұдан соң компьютер маманы бойынша оқуға түсіп, абыроймен тәмамдап шықты. Қазір облыстық Балалар құқықтарын қорғау басқармасында жұмыс істейді.
Оразбибі Ходжаева, анасы:
Мен ауырамын деп жатқан жоқ. Шамасы келсе жұмыс істегісі келеді. Талпынады.
Азат өз ойын ауызша айта алмаса да, жазбаша түрде сауатты жеткізеді. Талапты жас осылай жұмыс істеп, қоғамға өз үлесін қосуды жастайынан мақсат етіпті.
Берік КӨШЕРБАЕВ