Зейнетақы және әлеуметтік төлем жүйесі жаңғыруда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зейнетақы және әлеуметтік төлем жүйесі жаңғыруда

26.06.2014
Зейнетақы және әлеуметтік төлем жүйесі жаңғыруда

Күйреген кәсіпорындардың жұмысшыларына және өндірісте денсаулықтарына залал келген азаматтарға ай сайын төлем жасаудың жаңа тәртібі енгізіледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова қарағандылықтармен кездесуде мәлім етті.

Бұрын жалақының төменгі мөлшерінің өсу көрсеткіші арқылы ай сайынғы төлем көлемі анықталып келген еді. Енді бұған қоса регресшілердің қосымша қажеттіліктері ескерілетін өтем жүйесі қаралып жатыр.
 
Вице-министр зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың Қарағанды облыстық филиалында болды. Мұнда «Сізге қолайлы электронды мемлекеттік қызмет көрсетулер» бағдарламасының тұсаукесер рәсімі жасалды. Алдағы уақытта барлық операция 15 минут ішінде жүзеге асырылады.
 
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:
Біз бұл электрондық жүйені 2015 жылға дейін ел көлемінде, тіпті ауылдық жерлерде жүзеге асырсақ дейміз. Айта кету керек, 4 адам қызмет етіп, күніне 20 шақты адамды қабылдайтын мекемелер бар. Сондықтан, тұрғындары көп, жеделділікті қажет ететін елді мекендер таңдалып алынады.
 
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу