Инновациялық идеялар қолдау табуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Инновациялық идеялар қолдау табуда

26.06.2014
Инновациялық идеялар қолдау табуда
Ел ішінде тың идеяларды, тиімді жобаларды анықтауға елордадан арнайы аттанған «Инновациялық форсаж» автобусы Көкшетауға жетті. Ақмолалық өнертапқыштар Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі өкілдеріне өз жобаларын таныстырып, байқауға қатысуға мүмкіндік алды. 
 
Тың идеяларды іздеу жобасы 2005 жылдан бері іске асып келеді. Осы уақыт аралығында бас-аяғы 1000-нан астам жоба іріктеліп, бүгінде түрлі салаларда қолданылып келеді. 
 
Байқау бойынша әр аймақтан таңдалып алынған идеялар ең соңында Астанада қорғалады. Олардың ішінен 5 жоба финалға өтеді. Сөйтіп, үздік деп танылғандары ақшалай қолдау тауып, жүзеге асырылуына мүмкіндік алады.
 
Ақмола облысы бойынша ұсынылған жобалар түрлі салаларды қамтиды. Солардың ішіндегі көпшілікті қызықтырған мына құрылғы арқылы кез келген ғимарат өзін-өзі электр энергиясымен қамтамасыз ете алады. Ол үшін желден қуат алатын генератор орнатылады.
 
Бурабай Марамов, байқауға қатысушы:
Ғимаратқа жел өткізетін құрылғы орнатылады. Оның келемі генераторға жақындаған сайын кішірейе түседі. Сол арқылы біз желдің күшін көбейтеміз де генераторды айналдырамыз. Осылайша электр энергиясына қол жеткізуге болады. Бұл көбінесе көлемі аса үлкен емес ғимараттарда қолдануға ыңғайлы.
 
Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу