Герасимовка ауылының тұрғыны Иван Гершвельд Президенттен сый алған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Герасимовка ауылының тұрғыны Иван Гершвельд Президенттен сый алған

20.06.2014
Герасимовка ауылының тұрғыны Иван Гершвельд Президенттен сый алған
Шығыс Қазақстан облысындағы Герасимовка ауылының тұрғыны Иван Гершвельд өзінің тракторына ерекше күтім жасайды. Себебі, бұл «МТЗ-80» тракторын 2009 жылы Президент өз қолымен тарту еткен.
 
«Елбасы сыйлығы қожалықтың тірлігіне тың серпін берді», дейді ол.
 
Иван Гершвельд - Ұлан ауданына қарасты Төлеген Тоқтаров ауылдық округінің тұрғыны.
 
«Регина» деп аталатын шаруа қожалығын 1990 жылы құрыпты. Негізінен егіншілікпен айналысады. Бұл көк тракторды оған осыдан 5 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сыйлаған.
 
Иван Гершвельд, «Регина» шаруа қожалығының басшысы:   
Президенттің қолынан су жаңа трактордың кілтін алғанда, әрине, қатты толқыдым. Мен сияқты қарапайым шаруа қожалығының жетекшісіне Елбасымыздың өзі осындай техника тарту еткеніне туыстарым мен достарым қатты таңғалды. Бір ай бойы үйіміз құттықтап келген адамдардан арылмады. Өз басым, бұл маған артылған үлкен жауапкершілік деп түсінемін. Сол уақыттан бері еңбегімді еселей түстім.
 
Бүгінде, бұл шаруа қожалығында 600 гектардан астам егістік бар. Ол жерлерде негізінен, бидай өсіріледі. Елбасының қолынан су жаңа трактор алған соң, Иван Гершвельд көкөніс өсірумен де айналыса бастапты. Биыл, 15 гектар жерге картоп салған.
 
Қазір жұмысшылар осы алқапқа су жеткізу үшін көк трактормен арық тартып жатыр.
 
Иван Гершвельд қызметкерлеріне трактордың техникалық жағдайын жіті назарда ұстау керектігін жиі ескертеді. «Бұл Елбасының сыйлығы», деп, естеріне салып тұрады.
 
Қожалық жетекшісі қаз және шошқа өсірумен де айналысады. Осылайша, еліміздегі аграрлық саланың дамуына түрлі бағытта өз үлесін қосып келеді.
 
Амангелді Серғазин, Ұлан аудандық Кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы:                                                                                          
Тиянақты жұмыс істейді. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша несие ресімдеп, шошқа сатып алды. Қазір 100-ден астам шошқасы бар. 10 адамға жұмыс беріп отыр.
 
«Елбасы сыйлаған трактор отбасымның құтына айналды», - дейді Герасимовка ауылының тұрғыны.
 
Өмірлік жарымен бірге 4 баланы өсіріп, жеткізген Иван Гершвельдтің алдағы уақытқа жоспары айқын.
 
Мақсаты - аянбай еңбек етіп, Өскемен қаласын ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ететін ірі қожалықтың біріне айналу.  
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу