Алматы облысында инватакси қызметі жолға қойылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында инватакси қызметі жолға қойылған

18.06.2014
Алматы облысында инватакси қызметі жолға қойылған
 
Елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп отыр. Мәселен, Алматы облысында инватакси қызметі жолға қойылған.
 
Айта кетерлігі, жуық арада осындай такси саны тағы да көбейетін болады.
 
Есболған Садақбаев - І  топтағы мүгедек. Ол қазір қалаған жеріне қалаған уақытында жете алады, жұмыс істейді, тіпті жаттығу залына күнде баруды дағдыға айналдырған.
 
Бұл ең алдымен инватаксидің арқасында. Себебі, іші ыңғайлы, сапасы жақсы, сондай-ақ, тегін. Ол алғысын айтып, ағынан жарылды.
 
Есболған Садақбаев, Талдықорған қаласының тұрғыны:
Бұрын инватакси болмағанда қатты қиналдық. Анам қалтасы қалың болмаса да, ақылы көлік жалдап, шығынға бататын. Сонымен бірге, өз күшімен арқалап, түсіріп, әбден шаршады. Міне,енді инватаксидің арқасында жағдайымыз жақсы. Менің қуанышымда шек жоқ.
 
Жалпы, Алматы облысында 6300-ге жуық мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Инватакси қазір олардың 50 пайызының сұранысын қанағаттандыра алады.
 
Бұл көлік түрі өңірде 2010 жылдан бастап қызмет көрсетеді. Бір ерекшелігі, тек қана облыс орталығында тұратын мүгедектер емес, сонау шалғай аудандағылар да оның көмегіне жүгіне алады.
 
Кез келген уақытта. Арнайы диспетчерлік қызмет бәрін қадағалап отырады.
 
Қанабек Айтжанов, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында облыс бюджетінен 218 миллион теңге бөлінді. Медицина мамандары, диспетчерлік қызметі болады. Осы жұмыстардың басым бөлігін мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өздері басқаратын болады.
 
Жуырда инватакси қатары тағы  жаңа көліктермен толығады. Бұл көліктер облыстағы 16 ауданына жөнелтіледі.
 
Нәтижесінде, жанға дауа, денге шипа іздеген Есболған Садақбаев сынды азаматтар үшін тұрмыстың тауқыметі азаятыны анық.
 
Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу