Қолда өскен қырғауыл табиғатқа жіберілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қолда өскен қырғауыл табиғатқа жіберілді

18.06.2014
Қолда өскен қырғауыл табиғатқа жіберілді
Ақтөбеде енді қырғауыл көбейетін болды. Мұндай құс өңірді мекен етпейді. Осыны ескерген жергілікті кәсіпкер 4 жыл бұрын Оңтүстіктен қырғауылдың 10 жұбы мен балапандарын әкелген болатын. 
 
Климаты қатал өңірде орман құсын өсіру оңайға соқпады. Дегенмен, қырғауыл тез бейімделіп, қора толып, оның 100-ін табиғат аясына жіберді.
 
Қызыл кітапқа енген құсты қадағалауды да өз міндетіне алған кәсіпкердің бастамасын өңірлік орман және аң шаруашылығы инспекциясы қолдап отыр.
 
Қырғауылдың 20 қоразы мен 80 мекиені шөбі шүйгін, сулы өңірге жіберілді. Бұл құстың бейімделуіне де, табиғатқа да пайдалы. Өйткені, зерттеушілер бұл құстарды «дала санитары» деп атайды. Олар құрт-құмырсқа, зиянкестермен қоректенеді. Яғни, биологиялық теңдік сақталады.
 
Сағынғали Нұртазин, табиғат қорғаушы:
Біздер табиғаттан алып жатырмыз, табиғатқа беру де керек. Міне, бүгін Алға ауданының жеріне жіберіп жатырмыз. Көбейсін, біздер осыларды қадағалаймыз.
 
Алға ауданының 4 ауылының тұрғыны жұмысқа қабылданды. Олар қырғауылдарды қорғап, шығынға ұшырамауын қадағалайды. Табиғат жанашырлары арнайы жемсауыттар орнатып,  құстың өсімін бақылайтын болады. 
 
Николай Выходец, кәсіпкер:
Фотоқұрылғылар орнатамыз. Ол 25 метрге дейінгі аумақтағы құстарды суретке түсіреді. Ол автоматты түрде біздің орталыққа ММС хабарлама болып келеді. 
 
Сондықтан, осы мерзім аралығында қырғауыл жіберілген аумақта аңшылыққа қатаң тиым салынады. Іс нәтижелі болса, аймақтың бірнеше ауданына қырғауыл жіберу жоспарда бар. 
 
Әлия ТАЛАСОВА

Хабарламаларға жазылу