Орман өрті өршіп, суға кету оқиғалары тыйылмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орман өрті өршіп, суға кету оқиғалары тыйылмай тұр

10.06.2014
Орман өрті өршіп, суға кету оқиғалары тыйылмай тұр

Көкшетау қаласы мен осы шаһарға іргелес жатқан аудандар қылқанды қарағайлар мен биші қайыңдарымен көпшілікке жақсы таныс. Күн жылысымен осындай тамаша табиғат аясында демалатындар саны көбейеді.

 
Алайда, сақтық шараларына мән бермей кейде демалушылар орман өртінің шығуына себеп болып жатады. Биыл тілсіз жаудың алдын алу мақсатында   мейлінше сақтық шараларын күшейтіп жатырмыз, дейді төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері Соған қарамастан облыста жыл басынан бері 10 мәрте орман өрті тіркеліп отыр.
 
Орман аумағында өртті сөндіруге арналған техника мен құрал-саймандар жетерлік. Оларды шебер пайдалана білу үшін оқу-жаттығу шаралары да жиі өткізіліп тұрады. 
 
Себебі, кез келген уақытта қалың ағаш арасынан тілсіз жаудың шыға қалуы  әбден ықтимал. Биылдың өзінде өңірде он мәрте шыққан өрттен 12 гектар орман алқап өртеніп, 1 миллион 700 мың теңге шығын келуі соның нақты дәлелі.
 
Арман Әбдіқалықов, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:
От жағу барысында қауіпсіздік ережелерін сақтамауы, шылымды шоқтанған күйінде далаға лақтыру және алқапты егіс науқанына дайындау барысында немқұрайлық таныту ормандағы өрттің пайда болуының негізгі себептері.
 
Өзен-көлдердің жағасындағы табиғат аясында демалушылардың сақтық шараларын сақтамауы да келеңсіз құбылыс болып барады. Мұндай жауапсыздықтың соңы қайғылы оқиғаларға ұрындырып жатады.
 
Дәулет Шамиғанов, облыстық судан құтқару қызметінің жетекшісі:
Биыл Ақмола облысы бойынша бес айдың ішінде екі адам суға кетті. Оның бірі балық аулаушы болса, екіншісі жас бала.
 
Облыс аумағында қазіргі таңда 754 су айдыны бар. Олардың 605-і табиғи, қалған 149-ы жасанды бөгеттер мен су қоймалары. Олардың тек төртеуінде ғана құтқару бекеті жұмыс істейді.
 
Сондықтан, төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері, әсіресе, жаз маусымында тұрғындарды барынша абай болуға шақырады. 
 
 
Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу