Рахымжан Есенгелді осыдан 4 жыл бұрын ағат тірлік жасап, істі болды. Сотталды. Міне, түзеу мекемесіне шыққан беті. Енді жұмыс іздеп жүр.
Рахымжан Есенгелді, қала тұрғыны:
Түрмеден босап шыққаныма 3 ай болды. Жұмыс іздеп жүрмін. Күзет фирмасы, құрылыс компаниясы дегендердің барлығына бардым. Сотталған екенімді біледі де, түрлі сылтау айтып шығарып жібереді. Жұмыс таппасам, ауылға кетермін. Қой бағармын. Мен сияқтылар толып жүр ғой. Олар не істейді? Ұрлық жасайды. Тағы да түрмеге түседі.
Иә, шыр айналған шырғалаңнан шыға алмай жүрген бір Рахымжан емес. Республика туралы деректен бұрын, бір ғана Астананың масштабында әңгіме айтайықшы.
Талғат Бектұрсынов, қалалық прокуратураның бөлім бастығы:
Орташа алғанда, Астана қаласында жылына 70-80 адам жазасын өтеп, бостандыққа шығады. Олардың кемінде 70 пайызы жұмыссыз.
Бұрын сотталған адам дер кезінде жұмыс тапса, қылмыс жасамайды. Түрмеге қайта түспейді. Ол үшін не істеуі керек? Ішкі істер министрлігіне қарасты Қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері ЕХРО көрмесінің басшыларымен жолықты. Меморандумға қол қойды.
Келісім бойынша енді бұрынғы сотталғандар ЕХРО-2017 көрмесінің құрылысына атсалыса алады. Одан қалды, жазасын өтеп жатқандар да бұл іске тартылады. Кез келген түзеу мекемесінде шеберхана, оқу орталықтары бар.
Кезінде бұл мекемелер ірі өндіріс орындары болған жерде салынған. Тиісінше, жақын маңда жоғары кернеулі қуат көзі және кейбірінде теміржолға дейін бар. Қажетті мамандарды табу да қиын емес. Міне, ЕХРО құрылысына осы мекемелердің әлеуеті пайдаланылмақ.
Суламбек Баркенхоев, ЕХРО-2017 компаниясының құрылыс жөніндегі атқарушы директоры:
Меморандум бойынша жазасын өтеп болғандар құрылыс алаңында, ал түзеу мекемесінде отырғандар көрмеге қажетті керек-жарақтарды әзірлейтін болады. Дәл қазір, түзеу мекемелеріндегі шеберханалар қандай өнім шығарып жатыр? Осы мәселе пысықталуда. Ішкі істер министрлігі ел бойынша бұрын сотты болған адамдардың тізімін, олардың қай мамандыққа бейім екендігін анықтап жатыр. Тізімін береді.
Бұл меморандум - «Астана ЕХРО» компаниясы мен түзеу мекемелеріне де пайдалы. Әуелгісі жұмыс күшіне ие болады. Ал түзеу мекемелеріндегі мыңдаған кісі ақылы жұмыспен қамтылады.
Нұрбек БЕКБАУ