Жарна жинап, жалақы табу дәстүрге айналған ба? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жарна жинап, жалақы табу дәстүрге айналған ба?

01.05.2014
Жарна жинап, жалақы табу дәстүрге айналған ба?
 
Елімізде Пәтер иелері кооперативтері құрылғалы тұрғындар мен ПИК-тердің арасындағы ұрыс-тартыстың бітетін түрі жоқ. Мәселен, «Степной» тұрғын үйіне қоныстанған азаматтардың «Тұрмыс» атты ПИК-тің жұмысына көңілдері толмайды.
 
Көпқабатты үйдің қолданысқа берілгеніне 5 жыл болғанына қарамастан, қабырғалары ажырап, құлағалы тұр. Дәліздері суық, жарық жоқ, лифтісінің жүрісі де көңілге қонымсыз. Балалар ойнайтын алаң да жоқ. Сондықтан болар, кіреберіс дәліз қабырғалары жастардың сурет салатын тақтасына айналған.
 
Талғат Мұсаев, қала тұрғыны:
Қауіпті, өрт шыққан жағдайда кімге хабарласарымызды білмейміз, телефон нөмірлері де жоқ. Басшылықтың кім екенін де хабарсызбыз.
 
Дәл осы Талғат Мұсаевтың кебін киіп жүрген адам қанша? Айта кетейік, бүгінде Елордада 2200 көпқабатты тұрғын үй бар. Оларға 208 пәтер иелерінің кооперативі қызмет көрсетеді. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің айтуына қарағанда, бұл қауымдастықтардың жылдық бюджеті 24 миллиард теңге екен. 
 
Иманғали Тасмағамбетов, Астана қаласының әкімі:
150 пәтер 70 шаршы метрден, әрбір шаршы метрге 90 теңгеден жинайды десек, орта есеппен 6300 теңге жиналады екен. Сонда бір үйден айына 1 миллион теңге жиналады екен. Ал  2200 көпқабатты үйге көбейтсеңіз,  2 миллиард теңге.  Жылына 24 миллиард теңге. Ал ол ақша қайда кетіп жатыр, кім қадағалап жатыр?
 
 «Студенческий» атты пәтер иелері кооперативі Абылайхан көшесінде орналасқан 16 көпқабатты үйге қызмет көрсетеді. Тұрғындар пәтердің әрбір шаршы метріне 35 теңге төлейді. Айына 2 миллион қаржы жиналады. Қаражаттың 70 пайызы  жалақыға, 30 пайызы міндетті бюджеттік төлемдерді өтеуге жұмсалады екен.
 
Лариса Трайхель,  «Студенческий» ПИК-інің төрағасы:
 Мәселен, сіздер көрген Абылайхан  көшесінде орналасқан үйде 90 пәтер бар. Бұл тұрғын үйден айына 100 мың теңге жиналады. Оның 75 мыңы  жұмыскерлердің жалақысына жұмсалады. Мен ПИК-тің төрағасы ретінде әр үйден 7000 теңге айлық аламын. Одан бөлек, салық, телефон, кеңсе тауарлары, банк қызметіне кеткен шығындарды өтейміз.
 
Дегенмен, қалада үлгілі ПИК-тер де бар. Олардың атауы басқа, қызмет көрсету деңгейі бөлек. Мәселен, «Шаһар» тұрғын үйінің кіреберіс дәліздерінен бастап, балалар ойнайтын алаңына дейін тап-тұйнақтай.
 
«Басқарушы компанияның тұрғындарға деген ілтипаты да ерекше. Бұл мекеме  пәтер иелерін әрбір мерекеде құттықтап, сыйлық беруді де ұмытпайды. Осындай қарым-қатынас тұрғындарды жақындата  түседі», - дейді Рауза апай
 
Рауза Кахметова, қала тұрғыны:
Үйдегі крандар бұзылып жатса, соларды  шақыртамыз, бірден жасап береді. Кіреберісті күнде тазалап, жуады.
 
Елімізде қолға алынған Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында ПИК-терді реформалау туралы мәселе көтерілуде. Бұл бастама ПИК-тердің жұмысын дұрыстап, ел игілігіне қызмет етуге бағытталса болғаны.
 
Ләззат БЕКТАС

Хабарламаларға жазылу