Жанталасқанда жаудың көзін тек қарумен емес, жалаң қолмен де жоюға тура келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жанталасқанда жаудың көзін тек қарумен емес, жалаң қолмен де жоюға тура келді

28.04.2014
Жанталасқанда жаудың көзін тек қарумен емес, жалаң қолмен де жоюға тура келді
«Жанталасқанда жаудың көзін тек қарумен емес, жалаң қолмен де жоюға тура келген кездер болды». Қостанайлық соғыс ардагері Молдағали Жүнісбеков осылай дейді.
 
Алдымен артиллерия атқышы болып, кейін әуе десанты сапында қызмет еткен ол талай қатерлі сәтте ажалдан аман қалды.
 
Молдағали ақсақал әскер қатарына 1939 жылы шақырылып, сарбаздықтың қатал тәртібіне тез төселді. Соғыс басталғанда алғашқылардың бірі болып ұрысқа кірісті.   
 
Бірінші шайқаста-ақ зеңбіректің көмегімен ентелеп келген неміс танкісін қиратып, талай қаруласын ажалдан алып қалды. Беларусьтің Орша қаласының түбінде ауыр жараланып, дала госпиталінде есін жиған. Көп қан жоғалтқан оның тірі қалуына Лариса есімді медбике себепкер болыпты.
 
Молдағали Жүнісбеков, ІІ Дүниежүзілік соғыс ардагері:
Оның қаны маған сәйкес келген екен. Онікі І,  менікі ІІ топ. Ларисаны одан кейін көрген жоқпын. Соғыстан кейін іздедім, бірақ, ешкім білмейді.
 
Госпитальдан шыққан соң алдымен әскери училищеге жіберіліп, кейін әуе десанты қатарына қабылданады. Арнайы тапсырмаларды орындауы тиіс айрықша жасақ мықты психологиялық дайындықтан да өткізілген.
 
Молдағали Жүнісбеков, ІІ Дүниежүзілік соғыс ардагері:
Генерал-полковник Глаголов  деген Отаныңды сақтағың келсе, тірі қалғың келсе немісті өлтір, болмаса ол сені өлтіреді, деді. Біз әрине, оны жақсы білеміз.
 
Десантшыларға жүктелген міндет - ұшақпен парашют арқылы жау тылына түсіп, дұшпан әскерінің қозғалысы, техникасы туралы мәлімет жинау.
 
Молдағали Жүнісбеков бұл тапсырманы бірнеше рет абыроймен орындады. Өздерін байқап қалған жаудың тұзағынан да талай мәрте сытылып шықты. Сондай ұрыстардың бірінде бірнеше жолдасын мерт қылған жау мергеніне пышақ жұмсауға тура келді.
 
Молдағали Жүнісбеков, ІІ Дүниежүзілік соғыс ардагері:
Еңбектейтін жерде еңбектеп жеттік. Барсам, «Ештеңе, ештеңе», деп қолын көтереді. «Мә, саған ештеңе», деп пышақты салып алдым.
 
Әрине, өмір мен өлім арпалысқан алмағайып сәтте обал, сауапқа қарап ойланып тұруға мүмкіндік жоқ. Соғыс - қандай бейкүнә адамды да қатыгезге айналдырады.
 
Сондықтан, қарт майдангер бүгінгі бейбіт тірлікке тәуба айтады. Өзі куә болған қанды қырғынның енді ешқашан қайталанбауын тілейді. 
 
Дәуренбек ӘБДІБЕК 

Хабарламаларға жазылу