Астанада жемқорлық деректері 30 пайызға артқан

24.04.2014
Астанада жемқорлық деректері 30 пайызға артқан
«Жемқорлық - індет, оны жою міндет». Осылай деп онымен күресті күшейткенімен, Астанада жемқорлық өршіп тұр. Мәселен, тек соңғы жарты жылда жемқорлық деректері алдыңғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға артқан. Құқық қорғау органдары заңды бұзатындар көбіне мемлекеттік қызметкерлер дейді.
 
«Пара - табыс емес, пара-алғыс емес, пара-қылмыс». Бұл - Гүлнар Молдашеваның пікірі. «Парақордың кесірінен бала қор болып жүр» дейді ол. Өз қызын балабақшаға орналастыра алмай жүргеніне бірнеше жыл өтіпті.
 
Кезекке тұрғалы қашан, тек ол әлі 1 адамға да жылжымаған. Себеп, ондағылардың аузын майлап, қалтасын қалыңдатып беруің керек екен.
 
Гүлнұр Молдашева, қала тұрғыны:
Кезекте төрт жыл бұрын 12700-ші болған. Әлі солай тұр. Бірақ менің көршім қызын кезекке ақша беріп кіргізді. Барған кезімде 300 мың ақша сұрады, ақша болса ертеңнен бастап кіресің деді.
 
Өткен 3 айда елордада көлеңкелі табыс көзі бойынша 60 қылмыстық іс қозғалды. Олардың дені мемлекеттік қызметкерлер. Қылмыс ішкі істер органдары және мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде орын алған.
 
Данияр Ермеков, Астана қалалық прокуратурасының басқарма басшысы:
Жемқорлық фактілері 20 пайызға дейін артып отыр. Айта кетерлігі, пара алушылармен қатар ақша ұсынушылардың да саны көбейген. Әсіресе, жер сатып алу мәселесі бойынша көп.
 
Ал, Мәжіліс депутаты Майра Айсина қоғам дертінің көзін жою үшін электронды жүйеге түбегейлі көшуіміз керек деп есептейді, сонда ғана оңай жолмен олжалы, терін төкпей ақшалы болатындар азаяр еді.
 
Майра Айсина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Үкімет адамдарды жұмысқа алған кезде барлық жағдайды жасау керек. Жағдайы жасалған адам жемқорлыққа бара ма, бармай ма, екіталай.
 
Жемқорлықпен күрес бойынша Қазақстан әлемдегі 170 мемлекеттің ішінде 140-ы орында. Көш басында Дания, Жаңа Зеландия болса, Ауғанстан, Солүстік Корея соңында тұр.
 
Елімізде бұл індетпен күресу үшін арнайы заң қабылданып, қажетті шаралар қолға алынған. Десе де, нәтиже шамалы. Бұл ретте мамандар жазаны күшейте түсу керек деп есептейді. Сонда ғана Гүлнұр Молдашева сынды аналар әділетсіздіктен жапа шекпейтін болады.
 
 
Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу