«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы сарбаздары сынақтан сүрінбей өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы сарбаздары сынақтан сүрінбей өтті

22.04.2014
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы сарбаздары сынақтан сүрінбей өтті
Әскері мықты елдің қашанда әлеуеті мығым. Сондықтан, әлемнің барлық мемлекеттері армияның айбынын арттырып, шеберлігін шыңдауға баса мән береді. Әскер туралы  әңгіме қаузалғанда біздің де мақтанатын жөніміз бар.
 
Қазақстан әскерінің күш алып, тәжірибесі молайып келе жатқандығын әр өңірде өткізілетін оқу- жатығуларынан- ақ байқауға болады, дейді мамандар. Мұндай кәсіби шеберлік сынағынан «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығына қарасты 44 736 бөлім сарбаздары да сүрінбей өтіп, айбындарын асырды.
 
Аға барлаушы Ерлан Жүнісов 10 жылдан бері келісімшарт бойынша әскери қызметте. Шыңдалған сарбаз атану үшін, 10 жыл аз уақыт емес. Дегенмен шын кәсібилік, дайындықты үзбей өткізіп тұруды талап етеді, дейді ол. Тәжірибелі барлаушы жарылғыштың сан түрін қолдануды жетік меңгерген. Бүгін солардың кезектісін іске қосу әдістерін пысықтап жатыр.
 
Ерлан Жүнісов, аға барлаушы:
Мысалы бір жерден өту керек болады. Ол жерде темір болуы мүмкін. Бетондар болады. Соны жару үшін, осындай детонаторларды қолданамыз. Мұқият болу керек. Мұқият болмаса, бұл қауіпті. Егер мына жоғарғы жағынан қысып қалатындай болса, ол жарып жібереді.
 
Әскери бөлімінің сарбаздары дала жатығуында жарылғыш заттарды сынаудан бөлек, қарудан ату шеберліктерін де шыңдайды. Арнайы жасақ сарбаздарына қоян-қолтық ұрыс әдістерін меңгерту сабақтары өткізіліп, байланыс пен барлау әрекеттері пысықталады.
 
Медет Бабатаев, 44 736 әскери бөлімі командирінің міндетін атқарушы: 
Берілген тапсырмаларды мүлткісіз орындауға тырысудамыз. Барлық жаттығулар ұрыс жағдайына жақындастырылған. Сарбаздар өз мүмкіндіктерін көрсетеді. Осындай жиындардың нәтижесі бойынша бөлім әскерилерінің деңгейін бағалаймыз.
 
Күннің ыстығы мен суығына қарамастан кез келген әскери әрекеттерді орындауға сарбаз тап-тұйнақтай дайын болуы тиіс. Сондықтан «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығына қарасты мына әскери полигон үнемі бос болмайды. Бір айға созылған барлаушылар жаттығуы аяқталысымен, даладағы әскери дайындықты басқа бөлім сарбаздары жалғастырады.
 
 

Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу